Астанада Шерзат Полаттың қазасы бойынша кассациялық шағымдар қаралды. Сотқа қазір жазасын өтеп жатқан Азамат Тоқтаубаев пен Дидар Қалиахмет апелляциялық шағым түсірген, деп хабарлайды kznews.kz.
Сотталушылар мен олардың адвокаты сот отырысына бейнебайланыс арқылы қатысқан. Дидар Қалиахметтің қорғаушылары іс материалдарында алдын ала сөз байласу фактісін дәлелдейтін айғақтар жоқ екенін мәлімдеді. Адвокат бұзақылық бабы бойынша қылмыс құрамы болмағандықтан істі тоқтатуды сұрады.
Азамат Тоқтаубаевтың адвокаты айып тағылған бапты жеңілірек бапқа ауыстыруды талап етті. Ол жеті жылға сотталған, қорғаушы жаза мерзімін екі жылға дейін қысқартып, моральдық шығын өндіруді алып тастауды сұрады.
Мемлекеттік айыптаушы Индира Янгалышева шағымдарды негізсіз деп тапты.
“Сотталғандардың кінәсі қылмыстық іс материалдарымен толық дәлелденген. Ұкімді қайта қарауға негіз жоқ”, – деді ол.
Сот мәліметінше, Азамат Тоқтаубаев өз шағымында ешкімді ұрмағанын және пышақ қолданбағанын айтқан. Оған қоса телефон ұрлау фактісін жоққа шығарған. Ал Дидар Қалиахмет ешкімге зиян келтірмегенін әрі төбелеске қатыспағанын мәлімдеген. Алайда кассациялық сот бұл уәждерді қабылдамады.
Нәтижесінде кассациялық сот алқасы бірінші сатыдағы сот үкімі мен апелляциялық шешімді өзгеріссіз қалдырды. Азамат Тоқтаубаев пен Дидар Қалиахметтің шағымдары қанағаттандырылмады. Шешімді алқа төрағасы Артур Наримов жариялады.
Оның мәліметінше, екеуі де өзге адамдармен бірге әрекет етіп, шабуыл жасаған топтың құрамында болған. Оған қоса төбелес кезінде белсенділік танытқан.
Айта кетейік, Азамат Тоқтаубаев 15 жылға, Дидар Қалиахметов 7 жылға сотталған.
Еске салайық, бұған дейін Шерзат Полат ісі бойынша сотталған екі адам өздерін толық ақтауды сұрап Жоғарғы сотқа шағымданған еді.