Астанада Шерзат Полат қазасына қатысты қылмыстық іс бойынша кассациялық сот өз шешімін шығарды. Сотталушылар Азамат Тоқтаубаев пен Дидар Қалиахметтің шағымдары қанағаттандырылмай, алдыңғы сот үкімдері өзгеріссіз қалдырылды, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұл туралы заңгер Мейірман Шекеев әлеуметтік желіде жазып, істің әділ шешілгеніне сенім білдірді. Оның айтуынша, сот алқасының шешімі – әділдіктің салтанат құрғанын көрсетеді.
"Әділдіктің соңғы нүктесі қойылды деп ойлаймын. Ананың алғысын алған мен бақытты шығармын. Сот алқасы кеңесу бөлмесіне кетіп, ұзақ уақыт жоқ болып кеткенде, қобалжи бастадым. Десе де, Шерзаттың қылмыстық ісі бойынша Тоқтаубаев А. және Қалияхметов Д.-ның сот актілеріне берген кассациялық шағымдарын қанағаттандырусыз қалдырды. Енді бұл отбасында тек қуаныш болсын деп тілейік. Халық болып Қаржаубай отбасымен күлсе күлген, жыласа жылап қолдаған баршаңызға рақметімізді білдіреміз", – деп жазды ол.
Еске сала кетейік, сотталушылар кассациялық тәртіппен өздерін ақтауды және жазаны жеңілдетуді сұраған. Атап айтқанда, Дидар Қалиахметтің қорғаушысы қылмыс құрамының жоқтығын алға тартып, толық ақтауды талап етсе, Азамат Тоқтаубаевтың адвокаты жаза мерзімін қысқартуды өтінген.