KZNews.kz
Жаңалықтар

Серік Сәпиев пен Дәурен Есімханов қызметінен өз еркімен кетті

Дархан Тоқан
Фото: Ашық дереккөзі

Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімханов атқарып отырған лауазымдарынан босатылды. Өңір әкімдігі қос шенеуніктің де жұмыстан өз еркімен кетуге өтініш жазғанын мәлім етті, деп хабарлайды Kznews.kz.

Әкімдік таратқан ресми хабарламада: «Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімханов өз еркімен атқарып отырған қызметтерінен босатылды», – делінген.

Айта кетейік, бұған дейін 23 қаңтар күні Серік Сәпиев пен орынбасары Дәурен Есімханов арасында жанжал болғаны, соның салдарынан дене жарақаты тіркеліп, соққыға жығу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат тараған еді. Осы жайтқа байланысты Қарағанды облысы Полиция департаменті: «Қарағанды қаласының 42 жастағы тұрғынының арызы бойынша ұрып-соғу дерегімен қылмыстық іс қозғалды. 21 қаңтар күні қаладағы спорт кешендерінің бірінің ғимаратында екі ер адам арасында жанжал болғаны анықталды. Қазір полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр», – деп түсініктеме берген.

Кейін желіде оқиға болған мекемедегі бейнебақылау камерасынан түсірілген кадрлар тарап, онда Серік Сәпиевтің кабинетке кіріп, араға уақыт салып пиджагын шешкен күйі сыртқа жүгіріп шыққаны байқалған.

Жанжалдан соң ММА, джиу-джитсу және каратеден әлем чемпионы, аралас жекпе-жек бойынша сарапшы Айдар Махметов жағдайдың реттелгенін, тараптардың өзара түсіністікке келгенін айтқан. Бұдан кейін Серік Сәпиев те «мәселе толық шешіліп, жабылды» деп мәлімдеп, орынбасарымен арадағы даудың неден шыққанын түсіндірген болатын.

Серік Сәпиев – 2012 жылғы Олимпиада чемпионы, бокстан екі дүркін әлем чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері. Ол соңғы уақытта Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасын басқарды.

Дәурен Есімханов – самбо мен жауынгерлік самбодан Азия және әлем чемпионаттарының жүлдегері, World Games турнирінің күміс жүлдегері, сондай-ақ джиу-джитсудан әлем чемпионы. Ол басқарма басшысының орынбасары қызметін атқарған.

Дархан Тоқан
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →