Сенат депутаттары «Архив ісі және құқыққа қайшы контенттің таралуын шектеу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қолдады, деп хабарлайды kznews.kz.
Аталған құжатты сенатта 4 желтоқсанда қарау жоспарланғанымен, ол күн тәртібіне сәл кейінірек шығарылды.
Заң жобасы Еңбек кодексіне және тағы 12 қолданыстағы заңға түзетулер енгізуді көздейді. Соның ішінде балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғауға қатысты нормалар бар. Ұсынылып отырған өзгерістер педофилияны және дәстүрлі емес жыныстық қатынастарды насихаттайтын ақпараттың қоғамдық кеңістікте, бұқаралық ақпарат құралдарында, телекоммуникациялық желілерде және онлайн-платформаларда таралуын шектеуді қамтиды.
Сенатор Амангелді Есебайдың айтуынша, бұл бастамалар өскелең ұрпақты қорғауға, отбасы институтын күшейтуге және ұлттық құндылықтарды сақтауға бағытталған.
"Дәстүрлі емес жыныстық бағдарды насихаттауды шектеуге арналған нормалар жастарды антиәлеуметтік құбылыстардан қорғауға, отбасылық құндылықтарды нығайтуға, ұлттық дәстүрлерді құрметтеуге және рухани-адамгершілік тәрбиені қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", - деді сенатор.
Талқылау қорытындысы бойынша сенаттың тұрақты комитеттері заң жобасына қатысты ешқандай ескертулер мен ұсыныстар білдірмегені айтылды. Дауыс беру нәтижесінде құжат бірінші оқылымда мақұлданды.
Айта кетейік, бұған дейін, 12 қарашада Мәжіліс депутаттары педофилияны және «дәстүрлі емес жыныстық бағдарды» насихаттайтын ақпараттың таралуына тыйым салуды көздейтін заң жобасын екінші оқылымда қабылдаған болатын.