Түркияның Demirören Haber Ajansı (DHA) агенттігінің мәліметінше, қайғылы жағдай 25 қазанда Ыстанбұлдың Шишли ауданындағы Эргенекон шағынауданында болған.
Алдын ала ақпарат бойынша, Айсұлу Бекмаханова өзі тұратын көпқабатты үйдің алтыншы қабатындағы балконнан көрші ғимараттың шатырына өткен. Кейін шатырдың орта тұсына қарай жүрген кезде оның аяғының астындағы жабын сынып, бойжеткен ғимараттар арасындағы ашық кеңістікке құлаған.
Қыз шамамен минус екінші қабат деңгейіне дейін құлап, ауыр жарақат алған. Оқиға орнына жеткен медицина қызметкерлері оның қайтыс болғанын анықтаған.
Тергеу кезінде полиция Айсұлудың қаза табар алдында түсірілген фотосуретін анықтаған. Суретті онымен бірге тұрған 22 жастағы Ресей азаматы Дарья Б. түсіргені хабарланды.
Құрбысының айтуынша, ол таңғы сағат 08:15 шамасында Айсұлудың көрші ғимарат шатырының шетінде отырғанын көрген. Қауіпті жерде отырғанына алаңдаған Дарья оны кері қайтуға шақырған.
Алайда Айсұлу оған:
«Мен осы жерде отырамын, сен ұйықтай бер», – деп жауап берген.
Дарья Б. осыдан кейін құрбысының суретін түсіріп, бөлмесіне қайта кіргенін айтқан.
Оның полицияға берген түсініктемесіне сәйкес, кейін қатты шыққан музыка дауысынан оянып, Айсұлудың бөлмеде жоқ екенін байқаған. Артынша сырттан шыққан дыбысты естіп, көрші ғимараттағы шатыр жабынының зақымданғанын көрген.
Төменге қараған кезде құрбысының қозғалыссыз жатқанын байқағанын жеткізген.
Тергеу барысында қазақстандық бойжеткеннің қайғылы оқиға алдындағы бірнеше сағатта қайда болғаны да анықталып жатыр.
Белгілі болғандай, Айсұлу мен Дарья Түркияға 8 қыркүйекте келген. 24 қазан күні кешкі сағат 20:00 шамасында екеуі бірге серуендеуге шыққан.
Ал келесі күні таңғы сағат 05:00 шамасында екі қыз екі жаққа кеткен. Айсұлу өзінің сүйіктісі, 35 жастағы дүкен иесі Мазхар Т.-ның жанына барған.
Ер адамның полицияға берген жауабына сәйкес, қазақстандық қыз оның жанына таңғы сағат 05:30 шамасында келген. Олар біраз уақыт бірге болғаннан кейін Айсұлу сағат 07:40-та үйіне қайту үшін кеткен.
Мазхар Т. бойжеткеннің түнгі клубта жұмыс істейтінінен хабардар болғанын да айтқан.
Қайғылы жағдайдан кейін Түркия прокуратурасының нұсқауымен Айсұлудың бөлмелесі Дарья Б. мен сүйіктісі Мазхар Т. ұсталып, жауап алынған.
Алайда олардың қандай да бір қылмысқа қатысы бар екені дәлелденген жоқ. Әзірге екі адамға айып тағылғаны туралы ақпарат жарияланбады.
Марқұмның денесі өлімнің нақты себебін анықтау үшін Сот-медициналық сараптама институтына жеткізілді.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұған дейін қазақстандық азаматтың Ыстанбұлда қаза тапқанын растаған. Ведомство мәліметінше, дипломаттар марқұмның туыстарымен байланыста болып, қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр.
Қазіргі уақытта Түркия полициясы Айсұлу Бекмаханованың неліктен шатырға шыққанын және қайғылы жағдайдың нақты қалай болғанын анықтауды жалғастыруда.