Бүгін қазақ өнері орны толмас ауыр қазаға ұшырады. Театр және кино өнерінің заңғар тұлғасы, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов 88 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Бұл хабар елді есеңгіретіп, күллі қазақ жұртшылығын қара жамылдырды, деп хабарлайды kznews.kz.
Марқұммен қоштасу рәсімі 23 желтоқсан күні сағат 10:00-де Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында өтеді. Мекенжайы: Қабанбай батыр көшесі, 110.
Алдын ала жарияланған мәліметке сәйкес, қабылдау (қонақасы) рәсімі 22 желтоқсан күні сағат 18:00-де Құрманғазы көшесі, 44 мекенжайындағы "Қабылдау үйінде" ұйымдастырылады.
Жерлеу рәсімі "Кеңсай-1" зиратында өтеді. Ал ас беру 23 желтоқсан күні сағат 13:00-де "Royal Tulip" мейрамханасында (Достық даңғылы, 401/2) жоспарланған.
Асанәлі Әшімов – қазақ театрын да, ұлттық киноны да әлемдік деңгейге көтерген бірегей тұлға. Оның сахнадағы әрбір рөлі – мектеп, әрбір бейнесі – тарих. Ол өнерге адалдықтың, кәсіби жауапкершіліктің, ұлттық рухтың өлшемін қалыптастырды. Ұлы актердің есімі қазақ мәдениетімен мәңгі бірге аталмақ.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Мәдениет және ақпарат министрлігі, өнер және қоғам қайраткерлері, әріптестері мен шәкірттері Асанәлі Әшімовтің отбасына, жақындарына және барша халқына көңіл айтып жатыр.