Алматы тұрғындары әлеуметтік желіде жақында өмірден өткен Мұхтар Шахановтың есімін қала көшелерінің біріне беру туралы ұсыныс білдіруде. Осыған байланысты Алматы әкімдігі Baribar.kz порталының ресми сауалына жауап берді.
Әкімдік мәліметінше, белгілі тұлғаның есімін көше атауына беру бірнеше кезеңнен тұратын рәсім арқылы жүзеге асады. Бұл мәселе алдымен тиісті мемлекеттік органдар мен комиссиялардың қарауына ұсынылады.
Алматы қаласы ішкі саясат басқармасының тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Бақыт Қалымбеттің айтуынша, әкімдік пен мәслихат бірлесіп Республикалық ономастика комиссиясына ұсыныс жолдайды. Комиссия құрамында ғалымдар мен қоғам қайраткерлері бар, олар ұсынысты қарап, шешім қабылдайды.
Тек осыдан кейін ғана қала билігі көшеге атау беру немесе оны өзгерту туралы ресми шешім шығара алады.
Сонымен қатар әкімдік қолданыстағы заң талаптарын да еске салды. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының Тіл туралы» заңына сәйкес, белгілі тұлғалардың есімі нысандарға олар қайтыс болғаннан кейін кемінде бес жыл өткен соң ғана беріледі.