Алматыда қоғам белсенділерінің бастамасымен қала көшелерінің біріне Мұхтар Шахановтың есімін беру мәселесі күн тәртібіне шығуы мүмкін. Бұл туралы Politico.kz хабарлады.
Қалалық ішкі саясат басқармасының тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Бақыт Қалымбеттің айтуынша, әлеуметтік желілерде көтерілген петициядан кейін ұсыныс заңнамаға сәйкес қарау үшін тиісті органдарға жолданбақ.
Оның сөзінше, мұндай бастамалар алдымен қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясында талқыланып, кейін бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Бұдан соң ономастика комиссиясының қорытындысы алынып, әкімдік пен мәслихаттың бірлескен шешімі арқылы ұсыныс республикалық деңгейге жіберіледі.
Республикалық ономастика комиссиясы оң шешім шығарған жағдайда ғана көше атауын беру немесе өзгерту туралы түпкілікті шешім қабылданады.
Сонымен қатар, әкімдік өкілдері қолданыстағы заңнамаға сәйкес, елге еңбегі сіңген тұлғалардың есімін елді мекендер мен көшелерге беру үшін олардың қайтыс болғанына кемінде бес жыл өтуі қажет екенін еске салды.