Әлеуметтік желі белсендісі Талғат Бұқарбаев өзінің парақшасында ақын Мұхтар Шаханов жерленген орын туралы жазба жариялады, деп хабарлайды kznews.kz.
Белсендінің айтуынша, ол Түркістанға қайтып келе жатқан жолда ақынның зиратына арнайы соққан. Сондай-ақ сол маңда сатирик-жазушы Көпен Әмірбек жерленгенін атап өткен.
«Кеше кешқұрым Түркістанға қайтып келе жатып, ақын Мұхтар Шаханов жатқан зиратқа соққан едік. Енді батып бара жатқан күнге бір мұнарасы шағылысқан зиратта Көпен Әмірбек ағамыз жатыр екен. Жатқан жерлері жайлы, топырағы торқа болсын», – деп жазды ол.
Сонымен қатар, Талғат Бұқарбаев ақынның басына қырқында құлпытас қойылатынын айтып, зират аумағын қоршау қажеттігіне назар аударған.
«Ұлы ақынның басына қырқында тас қойылады дейді. Тезірек қоршап қоймаса, айналасы тапталып бара жатқандай көрінді. Зәулім үй тұрғызбаса да, сол жағын ескерсе екен…», – деді желі қолданушысы.