Танымал инсайдер Фабрицио Романо Дастан Сәтпаевтың "Челси" сапындағы дебютінен кейін қазақстандық жанкүйерлердің "делебесі қозғанын" айтты, деп хабарлайды kznews.kz оның әлеуметтік желідегі параөшасына сілтеме жасап.
17 жастағы қазақстандықтың голы кейінгі айлардағы "Челсиге" қатысты басты медиа оқиғалардың біріне айналды. Клубтың әлеуметтік желідегі прақшаларында гол соғылған сәттің видеосы рекорд мөлшерде лайк жинады, мұны ағылшын Премьер-лигасының баспасөз қызметі де атап өтті.
Былтыр Сәтпаевтың лондондық клубпен келісімшартқа отырғанын алғашқылардың бірі болып хабарлаған танымал инсайдер де қазақстандықтың дебюті тудырған дүрбелеңді назардан тыс қалдырмады.
"Кеше 17 жастағы Дастан Сәтпаев "Челси" сапындағы алғашқы голын соққаннан қазақстандық жанкүйерлердің делебесі қозды... "Челсидің" гол туралы видеосының астында бір күнде 330 мыңнан (!) астам пікір жазылды. "Челсиде" жаңа жауһар пайда болды", - деп жазды Романо әлеуметтік желіде.
"Сәтпаевтың артында бүкіл ел тұр"
Еске сала кетейік, бұған дейін "Челсидің" әлеуметтік желідегі парақшаларында Қазақстаннан жазылған пікірлердің көптігіне байланысты британдық жанкүйерлер де үн қатқан болатын.
"Сәтбаевқа көрсетіліп жатқан қолдау таңғаларлық. Бұл жігіттің артында бүкіл ел тұр - бұл расында әсерлі. Дастан бүкіл Қазақстанды "Челси" жанкүйеріне айналдыратын сияқты", - деп жазды желі қолданушыларының бірі.
Басқа елдердің желі қолданушылары да қазақстандықтарды құттықтады.
"Қазақстанды құттықтаймыз!", "Қазақстан, сіздерде жаңа жұлдыз пайда болды!", "Қазақстандықтар жарайсыңдар", "Мынау нағыз қолдау", - деп жазды пікір қалдырушылар.
Айта кетейік, маусымаралық турне кезінде Сәтпаевтың "Вестерн Сидней Уондерерс" қақпасына "Челси" жейдесімен соққан алғашқы голы түсірілген видео қазірдің өзінде миллионнан астам лайк жинады. Лондондық клубтың әлеуметтік желідегі парақшаларында мұндай белсенділік бұрын-соңды болмаған.