KZNews.kz
Қоғам

“Сарбаз өлімі қашан тоқтайды?” - депутат Министрге сұрақ қойды

Айжан Сыланова

Өз баласы да әскерде борышын өтеп жатқанын айтқан депутат бұл жағдайға аналық әрі азаматтық тұрғыдан алаңдайтынын жеткізді.

«Әскердегі қатыгездік пен сарбаздардың қаза табуы – жекелеген емес, жүйелік проблема. Бұл тәрбие жұмысының әлсіздігін көрсетеді», – деді ол.

Дементьева мұндай оқиғалар қоғамның Қарулы күштер мен мемлекеттік институттарға сеніміне нұқсан келтіретінін айтып, қорғаныс министрлігінен нақты шаралар туралы сұрады:

«Сарбаздар бейбіт уақытта қашан қауіпсіз болады? Командирлерді осындай жағдайдың алдын алуға қалай дайындайсыздар?» – деді депутат.

Сұраққа жауап берген Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев әскерде психологиялық қолдауды күшейту шаралары жүріп жатқанын айтты.

«Жасанды интеллект негізінде әскери қызметкерлер мен олардың отбасыларына көмек көрсететін анонимді Telegram-бот іске қосылды. Әскерге шақырылғандар психологиялық диагностикадан өтеді, ал әскери психологтар біліктілігін арттырып жатыр», – деді ол.

Алайда Мәжіліс вице-спикері Дания Еспаева бұл мәселені тек психологтармен шешу жеткіліксіз екенін айтып, негізгі жұмыс әскери бөлімдердің ішкі тәртібінде жүргізілуі тиіс екенін атап өтті.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →