Қазақстандағы клиникалар мен зертханаларға тексеріс жүргізу қажет. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов мәлімдеп, косметологиялық процедуралардан кейін адам өліміне әкелген жағдайларды еске алды, деп хабарлайды kznews.kz.
Депутаттың сөзінше, бұған дейін Кәсіпкерлік кодексіндегі шектеулер бірқатар жекеменшік медициналық мекемелерде жан-жақты тексеріс өткізуге мүмкіндік бермеген. Кейін бұл нормалар қайта қаралып, бақылау жүргізуге жол ашылды.
«Кейбір олигархтар медицина саласына кіріп, түрлі зертханалар ашып алған. Әрине, олар өз мекемелерінің тексерілгенін қаламайды. Алайда өткен жылы біз мұндай ұйымдарды тексеру құқығын қайта енгіздік. Бұған дейін жаңа туған сәбидің шетінеу фактісі тіркелсе де, Кәсіпкерлік кодексіндегі шектеулерге байланысты тексеріс жүргізе алмадық. Енді бұл мүмкіндік қайта берілді. Сондықтан медициналық мекемелерге техникалық әрі санитарлық бақылауды күшейту қажет», – деді Мұрат Әбенов Мәжіліс кулуарында журналистерге берген сұхбатында.
Мұрат Әбеновтың пікірінше, дәрілік препараттарды сертификаттау мәселесіне айрықша көңіл бөлу қажет.
«Барлық медициналық препараттың тиісті сертификаты болуы аса маңызды. Меніңше, олардың жартысында отандық сертификат мүлде жоқ. Кей жағдайда сертификаттау жұмыстары уақытында жүргізілмейді. Бір аптаның ішінде екі адамның қаза табуы бұл салада күрделі мәселелер бар екенін көрсетеді», – деді Мұрат Әбенов.
Депутаттың айтуынша, косметологиялық процедуралар бүгінде жастар арасында кең таралған. Алайда сырт көзге қауіпсіз көрінгенімен, қолданылатын препараттардың құрамына байланысты ауыр салдарға әкелуі мүмкін.
«Мұндай процедуралар анафилактикалық шок туғызып, салдарынан жас қыздың өмірін сақтап қалу мүмкін болмай қалуы ықтимал», – деп атап өтті Әбенов.
Марқұмның келіні Сәуле Базархан 15 мамырда Алматыдағы жекеменшік клиникалардың бірінде жергілікті анестезиямен жасалған жоспарлы липосакция операциясынан кейін көз жұмғанын айтты. Оның сөзінше, отадан кейін бірнеше сағат бойы туыстарына пациенттің жағдайы туралы ақпарат берілмеген, ал өлімі туралы кейін хабарлаған.
Алматы Полиция департаменті Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғағанын мәлімдеді. Қазір тергеу жүріп жатыр, оның нәтижесі бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады.
Кейін Алматыдағы Smart Beauty Clinic жекеменшік клиникасы блогер Сәуле Базарханның қазасынан кейін ресми мәлімдеме жасады.
"Қазіргі уақытта болған жағдай бойынша заңнамада қарастырылған процедуралар жүргізіліп жатыр. Дәрігерлік құпияны сақтау қажеттілігіне, пациенттің отбасына деген құрметке, сондай-ақ жүргізіліп жатқан шаралардың объективтілігіне байланысты клиника ресми процедуралар аяқталғанға дейін оқиғаның мән-жайы мен медициналық егжей-тегжейіне қатысты көпшілік алдында түсініктеме беруді жөн санамайды", - делінген мәлімдемеде.
Кейінірек, Денсаулық сақтау министрлігі Сәуле Базархан қайтыс болған клиника туралы айтты.
"Клиника бұған дейін де осы мекенжай бойынша қызметін жүзеге асырған, бірақ ол кезде атауы басқа болған. 2020 жылы клиникада липосакция операциясынан кейін өлім жағдайы тіркелген болатын", - деді Медфармбақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов.
Сәуле Базархан - танымал қазақстандық блогер әрі кәсіпкер. Әлеуметтік желілерде ол миллионнан астам оқырманы бар Сәуле Ермаханова ретінде танымал болатын. Базархан өз парақшаларында отбасы, бизнес, саяхат және жеке өмірі туралы бөлісетін.