Еліміздің экономикалық саясатында өңдеу өнеркәсібін дамытуға басымдық беріліп отыр. Бұл әлемдік қаржы жүйесінің оң көзқарасын қалыптастыруда. Мысалы, Еуразиялық даму банкі Қазақстан экономикасын әртараптандырудың ықпалын бағалады.
Онда өңдеу өнеркәсібінің дамуы ел экономикасының тұрақтылығын арттырып, оны сыртқы шикізат нарығындағы ахуалға тәуелділіктен біртіндеп арылтатыны айтылған. Сарапшылардың бағамдауынша, Үкімет елдің заманауи индустриялық қаңқасын қалыптастыру үшін берік негіз қалап келеді.
Яғни, Еуразиялық даму банкінің Салалық талдау орталығының басшысы Арман Ахунбаевтың пікірінше, мықты өнеркәсіп экономиканы "орта табыс тұзағынан" шығарудың негізгі тетіктерінің бірі екен.
- Қазақстан қазірдің өзінде жоғары табысты елдер санатына өтуге өте жақын. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жан басына шаққандағы жалпы ұлттық табыс 13 740 долларға жетті. Ал жоғары табысты елдер санатына өту шегі – 14 375 доллар. ЕАДБ бағалауынша, Қазақстан бұл межеге 2028-2029 жылдары жетуі мүмкін. Ендігі басты міндет экономикалық өсімнің жоғары әрі тұрақты қарқынын қамтамасыз ету, – дейді Арман Ахунбаев.
Жалпы, қазір әлемдегі барлық инновацияның шамамен жартысы өңдеу өнеркәсібінде шоғырланған. Сонымен қатар бұл сектордағы бір жұмыс орны аралас салаларда тағы 2,2 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Елде қалыптасқан өндірістік база бар. Ендігі міндет мұнай, металл мен астықты шикізат ретінде тікелей экспорттаудан бас тартып, оларды полимерге, құрал-жабдыққа және терең өңделген өнімге айналдыру болмақ.
ЕАДБ бағалауынша, ресурстарды технологиялық капиталға осындай жолмен трансформациялау Қазақстан экономикасына жыл сайын 38,4 млрд долларға дейін қосымша өнім әкелуі мүмкін. Бұл бағытта ел экономикасын әртараптандыру жұмыстары жалғасып жатыр. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 9,8 пайызға өскен.
Өсімнің негізгі үлесін машина жасау саласы қамтамасыз етті. Ондағы өндіріс көлемі 23,2 пайызға артқан. Химия өнеркәсібінде өсім 19 пайызды, тамақ өнімдерін өндіруде 14,7 пайызды құрады. Ал жеңіл өнеркәсіптегі өндіріс көлемі бірден 89,2 пайызға өскен.
Бұл жерде арнайы экономикалық аймақтардың индустрияның тірегіне айналып отырғанын айту парыз. ЕАДБ сарапшыларының пікірінше, тарифтерді көтеру, тыйым салу немесе нарықтағы бәсекені бұрмалайтын ауқымды тікелей субсидиялардан айырмашылығы, арнайы экономикалық аймақтар инвестор үшін негізгі мәселелерді нақты әрі тікелей шешуге мүмкіндік береді. Арнайы экономикалық аймақтардың басты ерекшелігі ретінде мемлекет нарыққа жасанды түрде араласпайтынын айтуымыз керек. Оның орнына бизнеске дайын инфрақұрылым мен түсінікті реттеу тетіктерін ұсынады. Бұл инвестордың бастапқы кезеңдегі қомақты күрделі шығындарын азайтып, жаңа өндірістерді іске қосу мерзімін бірнеше жылдан бірнеше айға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Осының негізінде өндірісте кластерлік әсер қалыптасады.
- Бұған Саран қаласындағы өндірістік алаңды мысал етуге болады. Мұнда негізгі өндіріс шиналар мен автобустар шығаратын кәсіпорындардың айналасында автокомпоненттер өндіретін шағын және орта бизнес кәсіпорындарының тұтас белдеуі қалыптасып келеді. Осындай үдеріс Атырауда мұнай-химия саласының айналасында да жүріп жатыр. Бір ірі кәсіпорынды жергіліктендіру оның айналасына басқа өндірістердің тартылуына жол ашады, – дейді сарапшы Арман Ахунбаев.
Тоқетерін айтқанда, Қазақстан үшін өңдеу өнеркәсібін дамыту, отандық өндірушілерді қолдау және бизнестің жаңа өндірістерге инвестиция салуына жағдай жасау стратегиялық маңызға ие. Егер ЕАДБ сарапшыларының болжамы жүзеге асып, Қазақстан 2028-2029 жылдары жоғары табысты елдер қатарына қосылса, бұл экономикалық өсімнің сандық көрсеткіші ғана емес, елдің даму моделін өзгерту жолындағы маңызды кезең болмақ.