KZNEWS.KZ
Жаңалықтар

Сара Тоқтамысова інісіне су жаңа көлік сыйлады

Қайсар Қанат
Сара Тоқтамысова. Фото: әлеуметтік желіден

Ақынның сөзінше, інісі бала күнінен оның айтыстан көлік ұтып жүргенін көріп, 18 жасқа толғанда өзіне де көлік сыйлауын сұрап жүрген.

"Мен 18-ге толғанда, маған да бір көлік сыйлайсың ғой, иә?» – деп күлімдеп жүретін", – деп еске алды Сара Тоқтамысова.

Айтыскер үлкен сахнаға алғаш 16 жасында шыққанын және сол жасында әкесіне алғаш рет көлік мінгізгенін де айтып өтті. Кейін айтыстан бірнеше көлік ұтқанымен, олардың барлығын әкесіне бергенін жеткізді.

Уақыт өте Сара Тоқтамысова тұрмысқа шығып, өзінің де отбасы құрылған. Осылайша інісіне бала кезінде берген уәдесі кейінге қалып қойған.

"Кейбір уәделер кеш орындалады"

Жылдар өте Дидар да шаңырақ көтеріп, әке атанған. Сара Тоқтамысова інісінің отбасына әрдайым қолдау көрсетіп жүргенін жазды.

Ақын кеше інісін туған күніне орай үйге шайға шақырып, кеш соңында күтпеген сый жасаған.

"Ешкімге ештеңе айтпадық. Жай ғана шайға шақырдық. Оның үстіне кеше – туған күні. Ал шайдың соңында бауырымызға автосалоннан су жаңа көліктің кілтін ұстаттық", – деп жазды ол.

Сара Тоқтамысова сол сәтте есіне 18 жасқа толуды асыға күтіп жүрген інісінің сөзі түскенін айтты.

"Кейбір уәделер кеш орындалады екен. Бірақ ұмытылмайды. Сөйтіп, менің тағы бір +1 гештальтым жабылды", – деді айтыскер.

Жазба соңында ақын інісіне жаңа көлігінің құтты болуын тілеп, оның отбасына ақжарма тілегін арнады.

"Бауырым, жаңа көлігің құтты болсын! 100 жаса! Арнатайыңмен бірге бақытты ғұмыр кешіңдер. Шаңырақтарыңнан береке кетпесін", – деп түйіндеді Сара Тоқтамысова.

Қайсар Қанат
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →