Ислам діні әрбір амалға жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Бұл қағида көлік жүргізу ісіне де тікелей қатысты дейді Kznews.kz тілшісі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) жұма күнгі уағызында жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңызын көтеріп, көлікте ұялы телефон қолдану сынды немқұрайдылықтарды тек заң бұзушылық емес, күнәлі іс деп бағалады.
«Жылдамдықты арттыру, бағдаршамға бағынбау, белдік тақпау, жаяу жүргіншілерге жол бермеу, тіпті рөлде отырып телефонмен сөйлесу – бұл әрекеттер адамның тек өзіне емес, өзгеге де қауіп төндіреді. Исламда адам өмірі – ең қастерлі құндылық», – делінген Діни басқарманың үндеуінде.
ҚМДБ өкілдері көлік тізгіндеген әрбір азаматқа үлкен жауапкершілік артылатынын еске салады. Өйткені ол тек темір тұлпарды емес, жолаушылар мен жаяу жүргіншілердің тағдырын да аманат етіп алған тұлғаға айналады.
Қасиетті Құранда:
«Өз-өздеріңді қауіп-қатерге тікпеңдер»
деп ескертілген («Бақара» сүресі, 195-аят).
Бұл – жолдағы тәртіпті бұзу тек дүниелік заңға ғана емес, Алланың бұйрығына да қайшы деген сөз.
Исламда бес құндылық: дін, өмір, ақыл, ар-намыс және мал-мүлік аса қастерлі. Оларға зиян тигізу – харам.
Сондықтан көлік жүргізу – жай дағды емес, иман мен әдептің көрінісі. Жолдағы тәртіпке бейжай қарау – тек айыппұлға емес, күнәға да себеп болуы мүмкін.