Танымал әнші Наркенже Серікбаева әлеуметтік желідегі парақшасында әсерлі жазба жариялап, оқырмандарын ойландырып қойды, деп хабарлайды kznews.kz.
Өнер иесі жазбасында өмір жолы, мінезі, тәрбиесі және өнерге деген ерекше махаббаты жайлы сыр шертті. Ол көпбалалы отбасында өскенін, ата-анасының кенжесі болғанын айтып, ақкөңіл әрі бауырмал қасиеттерін ана тәрбиесімен байланыстырды.
«Әкем мен анамның кенжесі, 11 перзентті көпбалалы отбасының еркесі болдым. Көпшілмін. Көпшіліктің арасында да еркелеп кететін, бәрін үйдегідей көретінім бар. Адамдарды жатырқамай, ақ көңіл қалпыммен қабылдаймын. Өзгені өзімдей көріп, қолымдағы барыммен бөлісіп жүргенім — анамның тәрбиесі», — деп жазды әнші.
Сонымен қатар ол өмірде түрлі сынақтарды бастан өткергенін айтып, Аллаға шүкіршілік ететінін жеткізді. Өнердің өз өміріндегі орны ерекше екенін де атап өтті.
«Ән айтпасам ауырып, ән айтсам жеңілдеп қалатын адаммын. Өнерге деген махаббатым ешқашан өшпек емес», — деді Наркенже.
Алайда жазбада әнші адамдардан көрген көңіл жарасы туралы да ашық айтты. Оның сөзінше, ақкөңілдігін аңқаулыққа балап, сенімін ақтамаған жандар аз болмаған.
«Ақ көңілдігімді аңқаулық деп санап, сан соқтырып жүргендер аз емес. Өмір болған соң бәрін көреді екенсің. Менде дос санаулы ғана. Сатқындықты да көрдім», — деп ағынан жарылды өнер иесі.
Сондай-ақ ол турашылдығы үшін кей адамдарға жақпай қалатынын жасырмады. Соған қарамастан, әрдайым шындықты бетке айтуды дұрыс санайтынын жеткізді.
Жазбаның соңында әнші өзінің бауырмал пейілі мен кең жүрегінен айырмауды тілеп, тыңдармандарына ақ тілегін жолдады.
«Өмірге өнермен келдім, сол өнер деп өтем. Ән — менің өмірім. Ән ғұмыр, ән сапар. Жақсы адамдарым, тыңдармандарым, тілеулестерім, сіздер аман болыңыздар!» — деп түйіндеді ол.
Желі қолданушылары әншінің жазбасына бейжай қарамай, жылы пікірлерін жаудырды. Көпшілік оның шынайылығы мен ақкөңіл мінезіне жоғары баға беріп, қолдау білдірді.
«Аман болыңыз, сөзіңіз жүрекке жетті», «Жүрегі таза, пейілі кең әншісіз», «Тағдырдың сынағына мойымаған мықты жансыз», «Өнерде достық жоқ деген рас шығар», «Сізді сан соқтырғандар кім екен?» — деп жазды олар.
Әзірге әнші жазбасында нақты кімдер туралы айтқанын ашып көрсетпеген. Дегенмен оның әсерлі жазбасы көптің көңіліне түрлі ой салды.