«Самұрық-Қазынаның» сыры: қор бір көзден сатып алу тәсілін тоқтата ма?

Астанада «Самұрық-Қазына» АҚ отандық өндірушілерді қолдау бойынша атқарылған жұмыстардың аралық қорытындысын жариялады. Қордың басқарушы директоры Николай Казутиннің айтуынша, биыл қор отандық тауар өндірушілермен 1,1 трлн теңгеден астам сомаға келісімшарт жасасқан. Оның ішінде 494 млрд теңге – ұзақмерзімді келісімшарттар, деп жазады KZNEWS.KZ.
Сатып алынатын өнім мен қызметтің 17,5 пайызы – импорттық. Бұл үлестің 39 пайызы бір көзден сатып алу тәсілімен алынған. Ал шетелдік жеткізушілермен жасалған келісімшарттардың жалпы көлемі 155,6 млрд теңгені құрады. Бұл – барлық сатып алулардың үш пайызы ғана. Оның жартысына жуығы, нақты айтқанда 49 пайызы, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен келген өнімдер мен қызметтерге тиесілі.
Жиын барысында қордың Сатып алулар әдіснамасы, бақылау және мониторинг департаментінің директоры Азамат Сембай депутат Әділ Жұбановтың пікірін шет қалдырмай, мәлімдеме жасады. Еске салсақ, депутат «Самұрық-Қазына» сатып алатын тауарлар мен қызметтердің 60 пайызын бір көзден алатынын айтып, қорды таратуды ұсынған болатын.
– Жалпы сатып алулар үлесі туралы әңгіме болғанда негізгі үш алпауытты салыстырып жатады. Бұл – Мемлекеттік сатып алулар, квазимемлекеттік сатып алулар және «Самұрық-қазына» қорының сатып алулары. Біздің қордың сатып алуларына келсек, мемлекеттік сатып алуларға қарағанда үлкен айырмашылықтар бар. Біз бірінші кезекте өндірістік-коммерциялық міндеттерге басымдық береміз. Өйткені портфельдік қорымыз негізінен өндірістік компаниялар мен жүйе құраушы компаниялардан тұрады. Сондықтан сатып алатын тауарлары мен қызметтердің номенклатурасы мүлде басқаша. Тиісінше сатып алулар тәсілі де басқаша, – деді Азамат Сембай.
Оның айтуынша, 2022 жылдан бері қор бір көзден сатып алу негіздерін жүйелі түрде қысқартып келеді. Егер бұрын мұндай 47 негіз болса, қазір тек 18 ғана қалды, яғни 47 пайызға қысқарған. Бұрын холдинг ішіндегі кооперация негізінде 208 жағдай болса, бүгінде бұл сан 100-ге дейін азайтылған. Ал басқа ешқандай жағдайда бір көзден сатып алуға жол берілмейді.
«Бір көзден сатып алудың басым бөлігі – холдинг ішіндегі кооперацияға тиесілі. Мысалы, мұнай-газ секторында өндірілген мұнайды тасымалдау үшін «ҚазТрансОйл» пайдаланылады – бұл «ҚазМұнайГаздың» еншілес компаниясы. Газ тасымалы – QazaqGaz-дың құрылымында. Электр қуатын тарату – KEGOK арқылы жүзеге асады. Ал көмірді «Богатырь Көмір» жеткізеді. Теміржол қызметі – «Қазақстан Темір Жолы» арқылы жүргізіледі. Барлығы қор құрамындағы компаниялар арасындағы өндірістік байланыстың аясында іске асады», – деді қор өкілі.
Сатып алу рәсімдері Қаржы министрлігімен және Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен келісілген. Қор сатып алу тәсілдерін қысқартып, ашықтықты арттыруды жалғастыратынын жеткізді. Соңғы екі жыл ішінде бір көзден сатып алудың үлесі 50 пайыздан астамға төмендегенін де білдік.
Айта кетейік, бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында «Самұрық-Қазына» компаниясының қазақстандық өндірушілерден тауар сатып алу көрсеткішін сынаған болатын. Үкімет басшысы Энергетика министріне осы бағыттағы тапсырмаларды жүйелеп, аяғына дейін жеткізуді тапсырған еді.