«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» басшысы Елжас Отыншиев сот санкциясымен қамауға алынды. Олар сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген, деп хабарлайды kznews.kz.
«Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр», – делінген ведомствоның Tengrinews.kz басылымына берген жауабында.
Бұған дейін ҰҚК 11 қарашада жүргізілген операция барысында Жақыпов пен Отыншиевтен бөлек, өзге де тұлғалардың ұсталғанын хабарлаған еді. Қазір істі комитеттің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі тергеп жатыр.
Алайда күдіктілерге қатысты істің нақты мән-жайы мен тағылған күдіктің егжей-тегжейі әзірге жарияланған жоқ. ҰҚК мұны Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу деректерін жариялауға қойылған шектеулермен түсіндірді.