Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша сотталған Бақытжан Байжановтың шағымын кассациялық сот қарады, деп хабарлайды kznews.kz.
Сот бұған дейін шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырды.
"Байжановқа қатысты қылмыстық іс бойынша үкім өзгеріссіз қалдырылсын. Адвокаттардың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын", – деді судья Ерлік Сералин.
Соттың мәліметінше, Байжанов Нүкенова қайтыс болғаннан кейін жасалған қылмыс туралы біле тұра, оның ізін жасыруға тырысқан. Атап айтқанда, ол мейрамханаға кірмек болған мемлекеттік орган қызметкерлеріне кедергі келтірген, бейнебақылау камераларындағы жазбаларды өшірген, камераларды сөндірген, телефонды басқа жерге апарып қойған және мейрамханаға әйел киімін әкелген.
"Соттың қылмыстық әрекеттің дәлелденуі туралы тұжырымдары және алқабилер вердиктінде көрсетілген мән-жайлар негізді. Олар дәлелдемелер жиынтығына және сот отырыстарының материалдарына сүйеніп жасалған. Қылмыстық іс материалдарын зерделеу барысында сот тарапынан процессуалдық заң талаптарының бұзылмағаны анықталды. Соның ішінде алқабилер алқасын қалыптастыру және дәлелдемелерді зерттеу кезінде үкім мен алқабилер вердиктінің заңдылығы мен негізділігіне әсер етуі мүмкін заңбұзушылықтар жіберілмеген", – деп түсіндірді Сералин.
Сонымен қатар сот алқасы тағайындалған жазаны жасалған әрекетке, сотталған адамның жеке басына және қылмыстың қоғамға қауіптілік деңгейіне сай деп тапты.
Осыған байланысты қорғау тарапының Байжановқа қоғамнан оқшаулаусыз немесе шартты жаза тағайындау мүмкіндігі туралы уәждері негізсіз деп танылды.