Мәжілістің бұрынғы депутаты Мұрат Әбенов жаңа қызметке сайланғанын мәлімдеді. Ол Қазақстан Халық кеңесінің Қоғамдық бастамаларды дамыту комитетіне қарасты Білім беру және адами капитал мәселелері жөніндегі салалық комиссияны басқаратын болды.
Мұрат Әбенов бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазып, жаңа қызметіндегі жоспарлары мен алға қойған міндеттерін таныстырды. Оның айтуынша, бұл – депутаттық өкілеттігі аяқталғаннан кейінгі жаңа қоғамдық жауапкершілік.
Бұрынғы депутат білім беру, ғылым және кадр даярлау саласындағы мәселелермен ұзақ жылдан бері айналысып келе жатқанын атап өтті. Ол осы уақытқа дейін жүйедегі кемшіліктерді ашық көтеріп, заңнаманы жетілдіруге қатысты ұсыныстар білдіргенін жеткізді.
"Бұл мен үшін депутаттық қызметтен кейінгі жаңа қоғамдық жауапкершілік. Білім беру, ғылым, кадр даярлау мәселелерімен көп жылдан бері айналысып келемін. Жүйедегі кемшіліктерді ашық айтып, заңнаманы жетілдіруге қатысты ұсыныстар енгізіп жүрдім. Бұл ұстанымым өзгермейді. Бірақ енді мәселелерді көтерумен ғана шектелмей, оларды шешудің нақты жолдарын бірлесіп іздегім келеді", – деп жазды Мұрат Әбенов.
Ол жаңа қызметінде ең алдымен мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру сапасына назар аудармақ. Оның пікірінше, балабақшалар балаларды күтіп-бағумен ғана шектелмей, олардың ойлау қабілетін, тілін және танымдық дағдыларын дамытуға жағдай жасауы тиіс.
Мұрат Әбенов мектептегі білім сапасына да ерекше тоқталды. Бұрынғы депутат халықаралық PISA зерттеуінің нәтижелері еліміздегі білім беру жүйесінің бірқатар мәселесін көрсететінін айтты.
Оның сөзінше, оқушылар ақпаратты жаттап қана қоймай, оны түсініп, талдап, өз бетінше қорытынды жасай білуі қажет. Сонымен қатар ол техникалық және кәсіптік білім беру саласында еңбек нарығының сұранысы мен мамандар даярлау жүйесі арасында сәйкессіздік бар екенін атап өтті. Елімізде дипломы бар азаматтар көп болғанымен, білікті жұмысшыларға, техниктер мен инженерлерге сұраныс сақталып отырғанын жеткізді.
Жоғары білім мен ғылым мәселесіне тоқталған Мұрат Әбенов университеттер тек диплом беретін мекеме емес, ғылыми жаңалықтар мен технологиялық шешімдер әзірлейтін орталыққа айналуы керек деп есептейді.
Бұрынғы депутат жасанды интеллект пен цифрландыруды енгізуде де нақты нәтижеге басымдық беру қажеттігін айтты.
"Бізге реформа үшін реформа, есеп үшін цифрландыру, сән үшін жасанды интеллект қажет емес. Бізге нақты нәтиже керек!" – деп жазды ол.
Мұрат Әбеновтің айтуынша, жаңа технологиялардың тиімділігі олардың білім сапасын жақсартуға, еңбек өнімділігін арттыруға және азаматтардың күнделікті өмірін жеңілдетуге қосқан үлесімен бағалануы тиіс.
Ол қосымша білім беру мен өмір бойы оқудың маңызын да атап өтті. Әр баланың өз қабілетін дамытуға мүмкіндігі болуы, ал ересектердің жасына қарамастан жаңа мамандық меңгеріп, білімін жетілдіре алуы қажет екенін жеткізді.
"Қазақстанның ең басты байлығы мұнай да, газ да емес. Біздің ең үлкен байлығымыз – адамдарымыз, олардың білімі, қабілеті, кәсібилігі", – деді Мұрат Әбенов.
Бұрынғы депутат алдағы жұмыста мемлекеттік органдармен ашық ынтымақтастық орнатуға ниетті екенін білдірді.
Ол Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевқа бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізген.
Сондай-ақ Құрылтайдың салалық комитеттерімен байланыс орнатып, білім беру мен ғылымға қатысты заңнамалық ұсыныстар әзірлеуді жоспарлап отыр. Мұрат Әбенов өзі басқаратын комиссия мемлекеттік мекемелерге қарсы тұратын құрылым емес, қоғам мен билік арасындағы ашық пікір алмасу алаңына айналуы тиіс екенін атап өтті. Осыған байланысты ол мұғалімдерді, тәрбиешілерді, ғалымдарды, жоғары оқу орындарының оқытушыларын, кәсіпкерлерді, IT мамандарын, ата-аналар мен студенттерді ұсыныстарын ортаға салуға шақырды.
Бұрынғы депутат барлық мәселені бірден шешуге уәде бермейтінін, алайда әрбір орынды ұсыныстың ескерусіз қалмауына күш салатынын мәлімдеді.
"Барлық мәселені бір күнде шешеміз деп уәде бермеймін. Бірақ әрбір орынды ұсыныстың назардан тыс қалмауына күш саламын. Аз сөз. Көп жұмыс. Ең бастысы, халыққа пайдалы нақты нәтиже!" – деп түйіндеді Мұрат Әбенов.