«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі жұмыс сапарымен Қарағанды өндірістік алаңына барып, «Нұрқазған» кенішін және Нұрқазған байыту фабрикасын аралады, деп хабарлайды kznews.kz.
Сапардың негізгі мақсаты – өндірістік үдерістердің қазіргі жағдайын жан-жақты бағалау болды. Осыған байланысты жұмысшылардың еңбек жағдайынан бастап, кен өндіру мен оны байытуда қолданылатын технологиялық шешімдерге дейінгі бірқатар мәселелер қарастырылды. Сонымен қатар өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейі мен өндірістік жабдықтардың тұрақты жұмыс істеуі де назардан тыс қалған жоқ.
Басқарма төрағасы кеніштің қызметкерлерге арналған инфрақұрылымымен танысып, еңбек жағдайын бағалады және жерасты жұмыстарын көзбен көрді.
Сапар барысында жерасты өндірісінің қауіпсіздігі мен тиімділігіне тікелей ықпал ететін жөндеу учаскесінің жұмысына, тау-кен техникасының жай-күйіне, сондай-ақ бұрғылау және қазу технологияларына ерекше мән берілді.
Нұрқазған байыту фабрикасында кен өңдеудің толық технологиялық тізбегі қарастырылды. Сонымен қатар өндірістік үдерістерді басқару және мониторингтеу жүйесіне назар аударылды. Бұл жүйе өндіріс барысында туындауы мүмкін ауытқуларды дер кезінде анықтауға және технологиялық тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл өндірістің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, адами фактордың әсерін төмендетеді.
Жұмысшылармен өткен әңгіме барысында еңбекті қорғау мен өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау, сондай-ақ кеніш пен фабрикадағы жабдықтардың техникалық, физикалық және моральдық жағдайын тиісті деңгейде ұстап тұру мәселелері талқыланды.