«Қазақмыс» корпорациясының Балқаш өндірістік алаңындағы кәсіпорындарда өндірістің тұрақтылығын күшейту және қуатын арттыруға бағытталған жобаларды іске асыру жалғасып жатыр, деп хабарлайды kznews.kz.
Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі өңірге жасаған жұмыс сапары барысында өндірістік нысандардың қазіргі жағдайымен, жүзеге асырылған жұмыстардың нәтижесімен және алдағы даму жоспарымен танысты.
Бұған дейін жоспарланған шаралар аясында бірқатар кәсіпорында өндірістік және гидротехникалық нысандарды жаңғыртуға бағытталған инфрақұрылымдық жұмыстар толық аяқталды. Атап айтқанда, байыту фабрикасының ұсақтау цехындағы №9 ауыстырып тиеу торабы жөнделіп, қалдық сақтау қоймасының бөгеті көтерілді. Алдағы кезеңде бөгетті ұлғайтудың екінші кезеңін жүзеге асыру көзделіп отыр.
Өндірістік қуатты арттырумен қатар көлік және технологиялық инфрақұрылымды дамытуға да ерекше мән берілуде. Осы мақсатта 18 ашық вагонға арналған жылыту жүйесі бар жаңа ғимарат салу мәселесі қарастырылуда. Бұл жоба вагондардың бос тұру уақытын қысқартып, концентратты үздіксіз тасымалдауға мүмкіндік береді әрі өндірістік қауіпсіздік деңгейін арттыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар Ванюков пешіне көмір тозаңын жеткізудің жаңа жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Бұл бастама шикізатты өңдеу үдерісінің технологиялық тұрақтылығы мен қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған.
Сапар қорытындысында Руслан Өскенәлі Балқаш өндірістік алаңының әрі қарай дамуы үшін өндірістік базаны жаңғырту, кәсіпорындардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және қауіпсіз еңбек жағдайын қалыптастыру негізгі басымдық болып қала беретінін атап өтті.