Қазақстанның бұрынғы Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев жаңа қызметке тағайындалды. Ол енді еліміздің Австриядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарады.
Тиісті Жарлыққа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды, деп хабарлайды kznews.kz.
Президент Жарлығына сәйкес, Ермек Көшербаев Қазақстан Республикасының Австрия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, сондай-ақ Қазақстанның Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі болып тағайындалды.
Айта кетейік, Ермек Көшербаев 2025 жылғы 26 қыркүйектен 2026 жылғы 2 қыркүйекке дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрі қызметін атқарған. Оның орнына бұған дейін Австриядағы елші болған Мұхтар Тілеуберді тағайындалды. Осылайша, екі дипломаттың қызмет орындары ауысты. Мұны шахмат тілінде «рокировка» деп атайды.
Ермек Көшербаев бұған дейін қандай қызметтер атқарды?
61 жастағы Ермек Көшербаев 1965 жылы 2 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетін және КСРО Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын тәмамдаған.
Еңбек жолын 1988 жылы бастап, Қазақ КСР Сыртқы істер министрлігінде түрлі қызметтер атқарды. Кейін Президент аппаратында, дипломатиялық өкілдіктерде және мемлекеттік басқару жүйесінде жұмыс істеді.
2010–2014 жылдары – Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, кейін бірінші орынбасары;
2014–2016 жылдары – Ауыл шаруашылығы вице-министрі;
2016–2018 жылдары – Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы;
2018–2020 жылдары – Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы, кейін министрдің орынбасары;
2020–2023 жылдары – Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі;
2023–2025 жылдары – Шығыс Қазақстан облысының әкімі;
2025 жылғы ақпан–қыркүйек аралығында – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары;
2025 жылғы қыркүйек – 2026 жылғы қыркүйек аралығында – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі.
Ермек Көшербаев дипломатиялық қызметпен қатар өңірлік басқару, ауыл шаруашылығы және Үкімет деңгейінде басшылық лауазымдар атқарған.
Жаңа қызметінде ол Қазақстан мен Австрия арасындағы дипломатиялық қатынастарды дамытуға, сондай-ақ Венада орналасқан халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты үйлестіруге жауапты болады.