Қоғам

Ринат Зайытов тоқалдықты заңдастыруға қатысты ойын ашық білдірді

Ринат Зайытов тоқалдықты заңдастыруға қатысты ойын ашық білдірді
Фото: ашық дереккөз

Күні кеше Мәжіліс депутаты Абзал Құспан көп әйел алушылықты, яғни тоқал алуды заңдастыру мәселесін сөз етіп, қоғамда қызу талқылау туғызған еді. Алайда бүгін Парламент кулуарында журналистер сауалына жауап берген депутат Ринат Зайыт бұл бастаманы қолдамайтынын ашық білдірді, деп хабарлайды kznews.kz.

«Қоғамда бар нәрсенің бәрін заңдастыру — дұрыс емес. Бұл мәселеге қатысты ұсынысты қолдамаймын», – деді ол.

Ал Абзал Құспан өз сөзінің бұрмаланып, қоғамдық пікірді шатастырып жатқан ақпараттарға түсініктеме берді. Оның айтуынша, бұл — Мәжілістің күн тәртібінде тұрған бастама емес, тек журналист қойған нақты сұраққа берілген жеке пікір ғана.

«Біріншіден, бұл жағдайды сылтау етіп қоғамды дүрліктіру немесе ел назарын басқа мәселеден бұру – менің мақсатым емес. Бұл — журналистің тікелей қойған сұрағына берген жауабым ғана.
Екіншіден, депутат ретінде бұл мәселені Мәжіліс мінберіне шығару жоспарда да, ниетте де жоқ.
Бірақ қоғамда мұндай проблема бар, ерте ме, кеш пе, ол заңдық тұрғыда реттеуді қажет етеді», – деп жазды Құспан әлеуметтік желідегі парақшасында.

Қазіргі таңда мәселе ресми түрде Парламенттің қарауында тұрған жоқ. Дегенмен тақырып қоғамда үлкен резонанс тудырып, әлеуметтік желілерде пікірталас әлі жалғасуда.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz