KZNews.kz
Әлеумет

Ресми жұмыс істемегендер қандай зейнетақы алады

Азамат Қойшығара
Фото: ЖИ көмегімен жасалған.

Қазақстанда ресми түрде еш жерде жұмыс істемеген, еңбек өтілі жоқ және зейнетақы жарналарын аудармаған азаматтарға қандай төлем тағайындалатыны туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры түсініктеме берді, деп хабарлайды kznews.kz.

Қор мәліметінше, жинақтаушы зейнетақы тек жеке зейнетақы жарналары мен инвестициялық табыс есебінен қалыптасады. Егер жарна аударылмаса, БЖЗҚ-дан төлем тағайындалмайды.

«1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі жоқ азаматтарға ынтымақты зейнетақы да тағайындалмайды. Осылайша, ресми жұмыспен қамтылмаған және зейнетақы аударымдары болмаған жағдайда азаматқа тек базалық зейнетақы ғана белгіленеді», – деп хабарлады зейнетақы қоры Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабында.

2026 жылы базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері күнкөріс минимумының 70 пайызына тең. Бұл – 35 596 теңге.

Базалық зейнетақы мөлшері зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты есептеледі. Егер өтіл 10 жылдан асса, әрбір қосымша жыл үшін төлем 2 пайызға ұлғаяды. Ал еңбек өтілі мүлде болмаған жағдайда ең төменгі мөлшер тағайындалады.

Бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы орташа зейнетақы мөлшерін жариялаған болатын.

Ведомствоның мәліметінше, 2025 жылы жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 143 143 теңгені құрады. Оның ішінде ынтымақты зейнетақы – 95 549 теңге, базалық зейнетақы – 47 594 теңге болды.

Азамат Қойшығара
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ түлегі. Журналистика саласында 16 жылдан бері еңбек етіп келеді. Аймақтық, салалық, республикалық басылымдарда, интернет-порталдарда т...
Автордың басқа материалдары →