KZNews.kz
Экономика

Ресейлік капитал құмар ойындар нарығын уысына алды — Бапи дабыл қақты

KZNEWS
Фото иллюстрация: kznews

Депутаттың айтуынша, елде жүргізіліп жатқан реформаларға жекелеген мүдделі топтардың араласуы қоғамның сеніміне селкеу түсіріп отыр. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларына деген қолдауды әлсіретеді.

Бапи өткен жылы қабылданған «Құмар ойындар туралы» заңдағы түзетулердің бастапқы мақсаты – саладағы құқықтық тәртіпті орнату, салықтық бақылауды күшейту және әлеуметтік жауапкершілікті арттыру болғанын еске салды. Алайда арада бір жыл өтпей, заңды іске асыру барысында кей атқарушы органдардың әрекеті оны мүдделі топтардың пайдасына бұрып жіберген.

– Мұның айқын көрінісі – Бірыңғай есеп жүйесінің қазіргі жағдайы. Алғашында ойынға тәуелділікпен күрес құралы ретінде жасалған жүйе қазір жеке құрылымның мүддесіне жұмыс істейтін делдалға айналған. Соның салдарынан саладағы ресми салық түсімдері жылына шамамен 110 млрд теңгеге, ал спортқа бөлінетін демеушілік қаржы 14 млрд теңгеге азайған, – деді халық қалаулысы.

Бапидің айтуынша, Үкіметтің шешімімен құрылған NomaPay компаниясы бүгінде монополиялық тетіктерді өз қолына жинап, шетелдік мүдделерге қызмет етіп отыр. Компанияның шынайы иесі – ресейлік олигарх Умар Кремлёв.

Нәтижесінде, шамамен 1 трлн теңге айналымы бар қаржы ағыны қазақстандық емес, бірақ ел аумағында тіркелген компанияның бақылауында. Бұл – Конституцияда бекітілген еркін бәсеке қағидаттарына, Кәсіпкерлік кодексіне және «Ұлттық қауіпсіздік туралы» заңға қайшы келеді.

Депутаттың сөзінше, заң жобасы талқыланған кезде Мәжіліс мүшелері бұл жүйені артық делдал деп бағалаған. Дегенмен оған букмекерлік кеңселер қызметін бақылау жөнінде қосымша өкілеттік беріліп, нәтижесінде ресейлік капиталдың ықпалындағы компания нарықты толық дерлік иемденіп отыр.

Сарапшылардың бағалауынша, БЕЖ арқылы жылына 3,9 трлн теңгеден астам қаржы өтеді. Оның басым бөлігі – қолма-қол ақша. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін күшейтіп қана қоймай, елдің ішкі қоғамдық-саяси өміріне сырттан ықпал етуге жол ашуы мүмкін.

Депутат мемлекеттік органдарға мынадай ұсыныс жасады:

– БЕЖ-дің монополиялық өкілеттіктерін қайта қарап, оны жоюды, бақылау функциясын салық және қаржылық мониторинг органдарына беруді;
– барлық квазимемлекеттік құрылымдар мен «бірыңғай операторларды» нарық қағидаттарына сәйкестігін тексеруді;
– шетелдік ықпал ету қаупі тұрғысынан ұлттық қауіпсіздік органдарының кешенді тексеруін жүргізуді және нәтижесін Мәжіліске табыстауды ұсынды.

Айта кетейік, Умар Кремлёв – Халықаралық бокс қауымдастығының басшысы, Кремльге жақын тұлға. Ол Қазақстандағы сепаратистік топтарды қолдады деген деректер бұған дейін де тараған. Тергеу барысында этносаралық араздық қоздыру ісі бойынша ұсталған блогерден Кремлёв берген ірі көлемдегі рубль табылған.

Ермұрат Бапи – ресейлік ірі капиталдың Қазақстандағы құмар ойындар нарығына бақылау орнатуына қатысты ашық мәлімдеме жасаған алғашқы депутат. Сонымен қатар NomaPay компаниясының санкцияға ұшыраған ресейлік банктермен байланысы бар екені де атап өтілді.

KZNEWS
Автордың басқа материалдары