Ресей Тергеу комитеті Германияда кісі қолынан қаза тапқан Қазақстанның бұрынғы судьясы Айгүл Сайлыбаеваға қатысты процессуалдық тексеру жүргізіп жатыр, деп хабарлайды kznews.kz.
Аталған комитеттің ресми сайтында жарияланған мәліметке қарағанда, федералды телеарнаның эфирінен Германия аумағында Қазақстаннан келген әйелдің өлтірілгені туралы сюжет көрсетілген. Сюжетте оның өліміне енесі мен бұрынғы күйеуінің қатысы болуы мүмкіндігі, олардың Германияда қылмыстық іс қозғалғаннан кейін Мәскеуге қашып кету ықтималдығы айтылған. Осыған байланысты марқұмның ата-анасы Ресей Федерациясы Тергеу комитетінің төрағасы Александр Бастрыкинге жүгінген.
— Сюжеттегі дәлелдеріне байланысты Ресей Тергеу комитетінің Мәскеу қаласы бойынша тергеу органдары процессуалдық тексеру жүргізуді ұйымдастырды. Ресей Тергеу комитетінің төрағасы А. Бастрыкин Мәскеу қалалық бас тергеу комитетінің бастығы Д. Беляевке процессуалдық тексерудің барысы туралы есеп беруді тапсырды. Тапсырманың орындалуы ведомствоның орталық аппаратында бақылауға алынды, — делінген комитет хабарламасында.
Бұған дейін еліміздің Ішкі істер министрлігі Германияда кісі қолынан қайтыс болған Айгүл Сайлыбаеваның күйеуі Александр Донцов пен оның анасы Наталья Донцоваға іздеу салғанын жазған едік.