Германияда қазақстандық экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның өліміне қатысы болуы мүмкін деп күдікке ілінген Донцовтар отбасының қазір Мәскеуде тұрып жатқаны анықталды, деп хабарлайды Kznews.kz.
Мәліметті 112 арнасы жариялаған. Олардың эксклюзивті кадрларында Александр Донцов та көрінеді. Ол өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, ақпараттың бұрмаланып жатқанын айтты.
“Сіздер өте көп өтірік айттыңыздар. Өте көп жалған ақпарат тараттыңыздар. Адамдар жалған ақпаратқа сенбеңіздер”, – деді Александр Донцов.
Дегенмен 112 дереккөзіне сүйенсек, 2 ақпанда Александр Донцов пен Наталья Донцова Мәскеудегі Тергеу комитетіне барып, түсініктеме берген. Ал Наталья Донцова РФ Конституциясының 51-бабына сүйеніп, тергеушімен сөйлесуден бас тартқан.
Хабарламада Наталья Донцоваға қатысты Германияда қылмыстық іс қозғалғаны, алайда оның елден шығып үлгергені айтылады. Кейін ұлы да Ресейге көшкен. Қазір олар Наталья Донцованың жасы үлкен анасымен бірге тұрып жатыр.
Еске салайық, 2024 жылдың маусымында Айгүл Сайлыбаеваның денесі Германияның Бенсхайм қаласы маңынан табылған. Оған дейін әйелдің осы елде із-түссіз жоғалғаны хабарланған еді. Ақпаратқа қарағанда, ол Бенсхаймда күйеуі, қызы және енесімен бірге тұрған. 4 маусым күні таңертең қызын балабақшаға апарып, содан кейін көзге түспеген.
16 маусымда марқұмның мәйіті қала шетіндегі Эрлаче карьерінен табылған. Ресми мәліметтерде әйелдің қаза болар алдында зорлық-зомбылық белгілері болғаны көрсетілген. Оқиғадан кейін тергеуге ондаған маман тартылып, үйіне тінту жүргізілген. Кейін күдікті ретінде оның енесі мен күйеуіне іздеу жарияланған.