Вице-премьер Қанат Бозымбаев Ақтау маңында апатқа ұшыраған AZAL ұшағына қатысты Ресеймен өтемақы төлеу жөнінде келіссөз жүргізілгені туралы ақпараттан бейхабар екенін айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Оның сөзінше, қаза тапқандардың туыстарының бір бөлігі өтемақы алып үлгерген. Ал қалған жағдайлар әлі сот тәртібімен қаралып жатыр.
Бозымбаев өтемақы төлеуге міндетті тараптар ретінде әзірбайжандық және ресейлік сақтандыру компаниялары аталып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, олар зардап шеккендерге көмек көрсетуге дайын.
"Шешім жақын арада қабылданады деп ойлаймын. Меніңше, барлық жолаушы өтемақыны толық көлемде алады. Азаматтығына қарамастан, зардап шеккендердің бәріне тиісті төлем берілуі керек", – деді вице-премьер.
Журналистер Ресей тарапы Қазақстанға өтемақы төлей ме деп сұрағанда, Бозымбаев мұндай ақпаратты естімегенін айтты. Сондай-ақ ол Астана мен Мәскеу арасында осы мәселе бойынша қандай да бір келісім бар-жоғынан хабарсыз екенін жеткізді.
Вице-премьердің сөзінше, Қазақстан Әзірбайжан тарапымен байланыста және жағдайды бақылауда ұстап отыр. Ол өтемақы тек Әзірбайжан азаматтарына ғана емес, өзге елдердің зардап шеккен азаматтарына да төленуге тиіс екенін атап өтті.
"Біз ешқандай кемсітушілік болмауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Қазір кейбір адамдардың өтемақы алып үлгергенінің өзі кемсітушілік жоқ екенін көрсететін сияқты", – деді Бозымбаев.
Сонымен қатар ол өтемақының кешігуіне кей жағдайда төлемді кім алатынын заңды түрде анықтау мәселелері себеп болып отырғанын түсіндірді.