Қызылорда облысында бір отбасының сегіз адамы коронавирус жұқтырғаны белгілі болды.

Бұл туралы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов Хабар 24 арнасында өткен онлайн-брифингіде айтты.
"Вирус жұқтырғандар бір отбасының мүшесі. Олар 6 жастан 44 жасқа дейінгі аралықта. Үшеуі 14 жасқа толмаған бала", - деді Абдусаметов.
Айтуынша, бір көшеде жақын тұратын адамдар сақтық шараларын сақтамауы себепті ауруды жұқтырған.
"Бұл ретте басқосуларды, жиындар, той-томалақты өткізбеуге шақырамыз. Тұрғындар сақтық шараларын сақтамағандықтан осындай жағдайға тап болып отырмыз. Тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға, жеке басын оқшаулауға, қауіпсіздік әрекетін жасауға шақырамыз шақырамыз", - деді ол.
Облыста 18 адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Науқастар 388 адаммен байланыста болған.
Бұған дейін Қызылорда облысында 10 адамның коронавирус жұқтырғанын хабарлаған едік.
stan.kz