Қызылордадағы "Арай" саябағында болған қайғылы оқиға салдарынан 18 жастағы жігіт ауыр жарақат алып, екі аяғынан айырылды, деп хабарлайды kznews.kz.
Аурухана мәліметінше, 2007 жылы туған пациент жедел жәрдеммен өте ауыр жағдайда жеткізілген. Дәрігерлер оны шұғыл түрде операцияға алған.
"2007 жылғы, 18 жастағы пациент жедел жәрдем бригадасымен өте ауыр халде жеткізілді. Пациент шұғыл түрде операцияға алынды. Жүргізілген ота көлемі: сол аяғы санның жоғарғы үштен бір бөлігі деңгейінде, оң аяғы тобық буыны деңгейінде ампутацияланды", – деді аурухананың бас дәрігері Жасұлан Баймаханов.
Қазіргі уақытта зардап шегушінің жағдайы өте ауыр деп бағаланып отыр. Дәрігерлердің айтуынша, алған жарақатының ауырлығына байланысты оның жағдайы тұрақсыз.
Төтенше жағдай 15 маусымда Қызылордадағы"Арай" саябағында болған. Оқиға орнынан түсірілген кадрлар әлеуметтік желілерде тарады. Бейнежазбада аттракционның жас жігітті ауыр жарақаттағаны көрінеді.