Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында 20 жастағы Мейіржан Рүстемнің өліміне байланысты қылмыстық іс бойынша оның 15 жастағы туған інісі күдікті ретінде қамауға алынды, деп хабарлайды kznews.kz.
Марқұм 30 мамыр күні түнде үй ауласында болғаннан кейін із-түзсіз жоғалып кеткен. Бір тәуліктен соң оның денесі жергілікті су құбыры құдығынан табылған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, мәйіттен дене жарақаттарының белгілері анықталған.
Алайда марқұмның ата-анасы тергеу нұсқасымен келіспейтіндерін айтып отыр. Олардың пікірінше, қылмысты бір адам емес, бірнеше адам жасауы мүмкін. Сондай-ақ олар кәмелетке толмаған ұлдарының мұндай ауыр қылмысқа қатысы бар екеніне күмән келтіреді.
Отбасы бұған дейін үйден ақша жоғалу фактілері болғанын алға тартып, тергеудің барлық ықтимал нұсқаларды жан-жақты қарастыруын талап етуде.
Қызылорда облыстық полиция департаменті адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады. Ведомство мәліметінше, күдікті сот санкциясымен қамауға алынған және қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Марқұмның жақындары істің әділ әрі жан-жақты тергелуін талап етіп, жоғары органдарға жүгінуге ниетті екенін мәлімдеді.