Алматы облысында өртенген күйі табылған полиция қызметкері Аслан Әлсеровтің өліміне қатысты жаңа деректер белгілі болды, деп хабарлайды kznews.kz.
Тергеу мәліметінше, майордың отбасында жиі жанжал болған. Марқұмның жұбайы бұған дейін полицияда қызмет атқарған, алайда биыл жұмыстан кеткен. Жақындарының айтуынша, ол бірнеше рет күйеуінің күш көрсеткенін айтып, полицияға жүгінген.
Қайғылы оқиға болған күні ерлі-зайыптылар арасында жанжал туындап, арты төбелеске ұласқан. Тергеу нұсқасы бойынша, осы кезде үйге олардың 15 жастағы екі ұлы мен 14 жастағы досы кіріп, жасөспірімдердің бірі әкесінің басынан соққы жасаған.
Кейін ер адамды байлап, түн ішінде көлікпен Алматы облысының Кеген ауданына алып кеткен. Тергеу болжамынша, мәйіт сол жерде өртелген.
Қазіргі уақытта марқұмның жұбайы, екі ұлы және олардың досы күдікті ретінде қамауға алынып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.