Харри Кейн «Алтын допты» иеленді
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
ҚР, Астана қаласы, Әбікен Бектұров көшесі, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Қызылордада 20 жастағы жетім жігітті бір топ адам өлтіріп кетті: әпкесі мән-жайды айтты

Қызылордада 20 жастағы жетім жігітті бір топ адам өлтіріп кетті: әпкесі мән-жайды айтты
ашық дереккөз

Қызылордада дәмхана маңындағы төбелестен кейін 20 жастағы Александр Иванов қайтыс болды. Жетім өскен жігіттің артында жалғыз жақын туысы – әпкесі қалған. Қазір ол бауырының өліміне қатысты істің әділ тергелуін талап етіп, оқиғаның мән-жайы толық анықталмай қала ма деп алаңдайды, деп хабарлайды kznews.kz.

Марқұмның әпкесінің айтуынша, қайғылы оқиға 2026 жылғы 8 қазанда болған. Александр достарымен бірге дәмханада демалып отырған. Туысының сөзінше, куәгерлерден естіген мәлімет бойынша, жанжал марқұмның достарының бірі мен жергілікті диджейдің арасында басталған. Кейін диджей таныстарын шақырған.

Осы уақытта Александр темекі шегу үшін сыртқа шыққан. Әпкесінің болжамынша, оған 8–9 адам жабылып, шабуыл жасаған. Жігіттің арқасына, кеудесіне және жүрек тұсына үш рет пышақ сұғылған. Дәрігерлердің әрекетіне қарамастан, ол жансақтау бөлімінде көз жұмған.

Әпкесі тергеуге қатысты күмәнін айтты

Марқұмның туысы тергеу барысында бірқатар заңбұзушылық болуы мүмкін деп есептейді. Оның айтуынша, тергеуші бауырының қайтыс болғанын өзі хабарламаған. Қыз бұл ақпаратты өз бетінше анықтауға мәжбүр болғанын айтады.

Әпкесінің мәліметінше, адам өлтірді деген күдікпен әзірге тек Шынжырбай Т. есімді азамат ұсталған. Алайда туысы шабуылға қатысқан басқа адамдардың жауапкершіліктен тыс қалуынан қауіптенеді. Оның пайымдауынша, оқиғаға 11 адамға дейін қатысуы мүмкін. Сонымен қатар, тергеу барысында Александрдың төбелеске өзі араласқан болуы мүмкін деген нұсқа да қарастырылып жатқанын айтады.

Отбасының күдігін күшейткен тағы бір жайт – дәмхана мен көршілес ғимараттардағы бейнебақылау камераларының жазбаларының болмауы. Әпкесінің сөзінше, камералар жұмыс істемеген.

Ол сондай-ақ оқиға кезінде Александрмен бірге болған, өзі де зардап шеккен әрі жағдайдың жалғыз куәгері саналатын досына қысым көрсетілуі мүмкін екенін мәлімдеді. Туысының айтуынша, балалар үйінде тәрбиеленген жігітті арыз жазып, кешірім беруге көндіріп жатқан көрінеді.

Әзірге оның келтірген мәліметтері мен күдіктеріне қатысты құзырлы органдар ресми түсініктеме берген жоқ.

Автор
Жарқын Омаров

C.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Журналистика факультетінің түлегі. Журналистика саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Салалық, республикалық басылымдарда, интернет-порталдарда түрлі қызметтер атқарған. 2025 жылдан бері kznews.kz тілшісі