Қытайдан көлік алған қазақстандықтар шарасыз күйде. Қолжетімді көлік алған тұрғындардың шоттары аяқ-асты бұғаттала бастаған. Сөйтсе бір миллион теңге қарыз жазылыпты. Жүргізушілер тиісті төлемін толық өтеп, көліктерін заңды түрде кедендік тексерістен өткізіп қойған екен, деп хабарлайды kznews.kz 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Нариман Сәндібек сәнді көлік сатып алып, сан соққандардың бірі. Жігіт супер-гибрид көлігін былтыр 7,5 миллион теңгеге Қытайдан тапқан. Құны қалтаны қақпайды, күйі де күмән туғызбайды. Осылайша, кедендік рәсімдеуден өткізіп, мемлекеттік нөмірін тағады. Бір жыл бойы қызығын көріп жүргенде аяқ-асты қиындыққа тап болады.
“Маған ешқандай хабарламасыз жеке кәсіпкерлік шотым бұғатталды. Оны білу үшін салық органына барған кезде мына көлік кеденіне тағы да қосымша 1 миллион теңге төлеу керек дейді. Сол кезде қандай заң бойынша не төлеу керек – бәрін төледім. Ол қалай? Мен соны түсінбеймін”, – деді алматылық Нариман Сәндібек.
BYD Destroyer 05 көлігін сатып алып, тығырыққа тірелгендер көп. Сөздерінше, ел бойынша 5 мыңға жуықтайды. Олар қарыздың қайдан келгенін түсіне алмай дал. Себебі жеңілдікке ілігу үшін тиісті құжаттарды ұсынып, тексерістен өткен едік дейді.
“Біз біреуін ПКР-дің шешімін қабылдайтын арнайы маманға өткіземіз. Ол кісі көлікке отырады, жүреді. Бізден құжаттарын сұрайды. Біз бәрін өткіземіз. Олар бізге ПКР шығарып береді. ПКР шыққан күннен бастап біз оны кеденге нөлдік пошлинамен өткіземіз”, – деді Алматы тұрғыны Жасұлан Әбуғалиев.
“Бұл құжат 2027 жылдың 29 наурызына дейін болу керек. Бұны алады да, қыркүйекте алып тастайды. “Кері күшпен, сіздер дұрыс рәсімдемегенсіздер” деп бәріне айыппұл келеді”, – деді алматылық Дәулет Әшімхан.
Ал қарашаға қарыз салған мемлекеттік кірістер департаменті басқа пікірде. Жиналған жүргізушілер өзгелерге берілген жеңілдікті өз мүддесіне қолданған дейді.
“3 жылдың ішінде кедендік бақылау жүргіздік. Заңбұзушылықтың белгілерін анықтадық. Әр тауардың өзінің коды бар. Сонда бір тауарға кедендік баж алынбайды. Бір тауарға алынады. Бұл кісілердің қойып тұрған коды кедендік баж алынбайтын кодты қойған”, – деп мәлімдеді Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті камералдық тексерулер бөлімінің басшысы Ержан Шадыров.
Бірақ көлік иелері әу баста неге жеңілдікке рұқсат бергенін түсінбейді. Сондықтан олар бұғатталған шоттарды ашып, негізсіз жазылған қарызды алып тастауын талап етеді.