Астана–Теміртау тасжолында бірнеше жол-көлік оқиғасы тіркелді. Апаттарды жолдағы жағдайды бақылайтын жасанды интеллект элементтері бар камералар түсірген, деп хабарлайды kznews.kz.
Кадрлардан бір бағытта келе жатқан көліктердің алда болған жағдайды дер кезінде байқамай, бір-біріне соғылғанын көруге болады.
«Жүргізушілердің жолға назар аудармауына шаршау, ұйқы немесе телефонға алаңдау себеп болуы мүмкін. Алайда жол апаттарының нақты себебін құзырлы органдар анықтайды», – деп хабарлады «ҚазАвтоЖол».
Компанияның мәліметінше, тіркелген жол апаттарынан адам қаза тапқан жоқ.
«Жолда келе жатқанда телефон қолданбаңыз. Егер шаршап, ұйқыңыз келе бастаса, жолды жалғастырмай, қауіпсіз жерге тоқтап демалыңыз», – деп ескертеді «ҚазАвтоЖол».
Мамандардың айтуынша, жоғары жылдамдықта келе жатқан көлік бірнеше секундтың ішінде ондаған метр жүріп өтеді. Сондықтан жүргізушінің аз уақытқа алаңдауының өзі апатқа әкелуі мүмкін.