Жетісу облысы Ақсу ауданының егде жастағы тұрғыны ұзақ уақыттан бері отыздан асқан екі ұлынан жәбір көріп келгенін айтып, шағымданды, деп хабарлайды kznews.kz nege.kz сайтына сілтеме жасап.
Бірнеше рет ұлдарының үстінен полицияға арызданып, қаматып қойғанымен, олар бостандыққа шыққан соң әкесін ұрып, ақша талап етуін жалғастыра берген. Амалы қалмаған ақсақал блогерлерге жүгініп, көмек сұрауға мәжбүр болыпты.
«Екі ұлымнан жәбір көріп, басынғандықтан мына жігіттерді (блогерлерді – ред.) шақырып отырмын. Ұлдар келеді де: "Сен бізге қарызға ақша берсең" дейді. "Қарызыңды аз өтедім бе, Қазақстанда оқығаннан бері қаражатыңды төлеп келемін, басыңды құрадым, өз отбасың бар, енді менен қалай ақша сұрайсың?" деймін. Ақша бермесең, маған істемегенді істейді. Алдыңғы жылы екі ұлым мені көлікке басып алып, жейдешең далаға апарып тастады. Содан бір ай жөтеліп, әрең жаным қалды. Оларды сотқа беремін, ұстап әкетеді. Он күн жатады да, қайта келіп тиседі», – дейді Бақытбек Қадысұлы.
Айтуынша, үшінші ұлы әкесін қорғап, араша түсуге әркеттенгенде, оған пышақ сұғып алған. Сол жолы ұлының шағымымен екі ағайынды 25 күнге қамалған. Осы жағдайдан кейін біраз уақыт тыныш жүргенімен, кейін ескі әдетіне қайта басқан. Қарияның жұмыс орнын – аяқ киім жөндейтін шеберханасын қиратып, аппараттарын алып кеткен. Оған қоса жеке заттарын, телефонын, құжатын қолды қылған. Мұндай жағдай, Бақытбек Қадысұлының сөзінше, 6-7 рет қайталанған.
«Шыдай алмағанда шеберханаға құлып алып салып едім, оның көзіне үш рет "суперклей" құйып кетті. Тағы полицияға жүгіндім. Қыстың күні аяқ киімімді шешіп алып, екі сағаттай далада жалаяқ тұрғызып қойды. Содан бүйрегіме суық тиді. Сол жерде екеуі екі жақтап мені қылғындырып, тағы ұрды. Қатты жарақаттамайды, қылғындырып, жығады да, қалтама қол салады, телефонымды тартып алады. Сол жолы екі айға қамалған, бірақ отбасы жағдайына, жас балаларына бола бір айды кешіріп, бір айда бостандыққа шықты.
Кеше түнде тағы сот болды. Тағы 10 тәулікке қамалды. Сонда "Келгеннен кейін тағы көресің" деп отыр. Енді мен кімнен көмек сұраймын? Олар тағы келіп, тағы тисіп жатса, не істеймін?» – дейді амалы қалмаған әке.
Бұл жағдайға Жетісу облыстық полиция департаменті өкілдері түсініктеме берді.
«Қылмыстық іс аясында соққы жасау фактісі бойынша жүргізілген тергеу барысында заңға қайшы әрекеттерді оның 31 және 34 жастағы екі ұлы жасағаны анықталды. Сот үкімімен олар кінәлі деп танылып, әрқайсысына қамау түріндегі жаза тағайындалды. Сонымен қатар істі қарау шеңберінде сот олардың мінез-құлқына 3 ай мерзімге ерекше талаптар белгіледі, оның ішінде жәбірленушіге жақындауға тыйым салу бар. Қазіргі уақытта ер адамдар қамауда отыр», – деп хабарлады полиция қызметі.
Полицейлердің мәлімдеуінше, босатылғаннан кейін екеуі де профилактикалық есепке алынады.