23 тамызда Қазақстанда Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Сайлау қарсаңында қазақстандықтарды қай жерде және қалай дауыс беруге болатыны, сайлаушының құқықтары мен сайлау талаптары қызықтырады. Сайлаушыларға не рұқсат етіліп, неге тыйым салынғанын және биылғы сайлау ережелерін назарларыңызға ұсынамыз, деп хабарлайды kznews.kz.
Кім дауыс бере алады?
Қазақстанда 18 жасқа толған азаматтар сайлауда дауыс беруге құқылы. Сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы өткізіледі. Алайда заңда бірқатар шектеу бар. Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған азаматтар және сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған адамдар сайлауға қатыса алмайды.
Бұл талаптар «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда белгіленген. Заң бойынша ешкім азаматты белгілі бір партияға немесе кандидатқа дауыс беруге мәжбүрлей алмайды. Сайлаушы өз таңдауын еркін жасауға құқылы.
Сайлау учаскесін қалай анықтауға болады?
Дауыс беруге дайындықты сайлау учаскесін анықтаудан бастаған жөн. Азамат өзінің қай учаскеге бекітілгенін eGov, Sailau сервистері немесе eGov Mobile қосымшасы арқылы тексере алады. Ол үшін ЖСН қажет.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлаушылар тізіміне 12 605 788 азамат енгізілген. Қазақстан бойынша 10 400-ден астам сайлау учаскесі жұмыс істейді. Егер азамат өзін тізімнен таппаса немесе жеке деректерінде қате байқаса, учаскелік сайлау комиссиясына жүгініп, мәліметтерді нақтылауға құқылы.
Сайлау учаскесінде не істеу керек?
Сайлаушы учаскеге келгенде жеке басын куәландыратын құжатын көрсетеді. Комиссия мүшелері оның жеке басын және сайлаушылар тізіміндегі деректерін тексергеннен кейін бюллетень береді.
Құрылтай сайлауына арналған бюллетеньнің нысаны мен мәтінін Орталық сайлау комиссиясы бекітеді. Бюллетень екі жақты, А4 форматында, көгілдір түсті болады. Оның екінші бетінде жеребе арқылы белгіленген тәртіппен саяси партиялардың атаулары және «Бәріне қарсымын» деген нұсқа көрсетіледі.
Бюллетеньді алған соң сайлаушы арнайы кабинаға барып, өз таңдауын жасайды. Дауыс беру жасырын өтеді. Сондықтан бюллетеньді басқа адамға көрсетуге немесе өз таңдауыңызды жариялауға міндетті емессіз.
Бюллетеньдегі «Бәріне қарсымын» деген жол сайлаушыға ұсынылған саяси партиялардың ешқайсысын қолдамайтынын білдіруге мүмкіндік береді.
Яғни, азамат өз таңдауын заңда белгіленген нұсқалардың бірі арқылы білдіреді.
Шалғайда жүрген адам қалай дауыс береді?
Егер сайлау күні азамат тіркелген мекенжайда болмайтын болса, ол есептен шығару куәлігін алып, басқа елдімекендегі сайлау учаскесінде дауыс бере алады.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, есептен шығару куәлігін беру 7 тамызда басталып, 22 тамызда сағат 18:00-де аяқталады. Куәлікті алу үшін азамат өзінің тіркелген жеріндегі учаскелік сайлау комиссиясына жеке куәлігімен немесе төлқұжатымен өтініш береді. Белгіленген тәртіппен оны сенім білдірген өкіл арқылы да алуға болады.
Бұл мүмкіндік іссапарда, демалыста немесе басқа себеппен туған жерінен шалғайда жүрген азаматтарға дауыс беру құқығын пайдалануға мүмкіндік береді.
Үйден дауыс беруге бола ма?
Сайлау учаскесіне денсаулығына байланысты өздігінен келе алмайтын азаматтар учаскеден тыс жерде дауыс бере алады. Ол үшін сайлау комиссиясына алдын ала өтініш беру қажет. Мұндай мүмкіндік қозғалысы шектеулі немесе денсаулығына байланысты учаскеге бара алмайтын азаматтардың сайлау құқығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қандай жағдай жасалады?
Құрылтай сайлауында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да арнайы жағдай жасалады. Сайлау учаскелерінде пандустар, көтергіш құрылғылар, шақыру түймелері, арнайы тұтқалар және бейімделген дауыс беру кабиналары қарастырылған. Көру қабілеті бұзылған сайлаушылар үшін Брайль қарпіндегі трафареттер мен аудиоматериалдар да ұсынылады.
Өндірісте жұмыс істейтіндер қалай дауыс береді?
Биылғы сайлауда үздіксіз жұмыс істейтін өндіріс орындарында сайлау учаскелері құрылады. Мұндай учаскелер жұмыс процесі тоқтамайтын кәсіпорындарда және вахталық елдімекендерде жұмыс істейтін азаматтарға дауыс беруге жағдай жасау үшін ұйымдастырылады.
Мысалы, Теміртау қаласындағы «Qarmet» АҚ өндірістік объектілері базасында №641 және №642 сайлау учаскелері құрылған.
Сайлаушының қандай құқықтары бар?
Сайлаушының негізгі құқықтарын қысқаша былай топтастыруға болады:
· дауыс беру құқығы;
· өз таңдауын еркін жасау құқығы;
· жасырын дауыс беру құқығы;
· сайлаушылар тізіміндегі деректерін тексеру құқығы;
· заңда белгіленген тәртіппен басқа жерде дауыс беру мүмкіндігі;
· қолжетімді ортада дауыс беру құқығы;
· құқығы бұзылған жағдайда шағымдану құқығы.
Бұл құқықтардың барлығы Қазақстанның сайлау заңнамасымен қорғалады.
Сайлауышы құқығы бұзылса, не істеу керек?
Егер азамат өзін сайлаушылар тізімінен таппаса, деректерінде қате болса немесе дауыс беру кезінде құқықтарының бұзылғанын байқаса, алдымен учаскелік сайлау комиссиясына жүгінгені дұрыс.
Мәселе учаскелік комиссия деңгейінде шешілмесе, жоғары тұрған сайлау комиссиясына шағымдануға болады. Сайлау заңнамасы азаматтарға сайлау комиссияларының шешімдері мен әрекеттеріне заңда белгіленген тәртіппен шағым жасауға мүмкіндік береді. Сондықтан дауыс беру кезінде мәселе туындаса, азамат өз құқығын қорғау үшін тиісті комиссияға жүгінуі тиіс.
Шетелде дауыс беру тәртібі
Шетелде жүрген Қазақстан азаматтары да Құрылтай депутаттарын сайлауға қатыса алады.
Қазақстанның шет мемлекеттердегі дипломатиялық өкілдіктері жанындағы сайлау учаскелерінде сол елде тұрақты тұратын немесе ұзақ мерзімді іссапарда жүрген азаматтар, сондай-ақ қызметтік, іскерлік не туристік сапармен шетелде жүрген қазақстандықтар дауыс бере алады.
Сайлаушылар тізіміне енгізілу үшін азамат учаскелік сайлау комиссиясына өзі жүгініп, жарамды Қазақстан азаматының төлқұжатын ұсынуы қажет.
Егер учаскедегі тізімге енгізілген барлық сайлаушы дауыс беріп қойса, комиссия дауыс беруді белгіленген уақыттан бұрын аяқтай алады.
Шетелдегі сайлау учаскелерінің мекенжайлары мен тізімі ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Орталық сайлау комиссиясының ресми интернет-ресурстарында жарияланады.
Дауыс санау қашан басталады?
Учаскелер жабылғаннан кейін дауыстарды санау басталады. Комиссия алдымен пайдаланылмаған бюллетеньдерді есептеп, кейін сайлаушылар мен берілген бюллетеньдер санын анықтайды.
Жәшіктер ашылған соң әр партияға берілген дауыстар, «Барлығына қарсымын» деген таңдау және жарамсыз бюллетеньдер саны есептеледі. Дауыс санау үздіксіз жүргізіліп, 12 сағаттан кешіктірілмеуі тиіс.
Сайлау нәтижесі қашан жарияланады?
Учаскелік комиссия хаттама жасап, оны аумақтық сайлау комиссиясына жібереді. Хаттаманың көшірмесі сайлау учаскесінде екі күн бойы ілініп тұрады.
Аумақтық комиссиялар хаттамаларын дауыс беру аяқталғаннан кейін үш күннен кешіктірмей Орталық сайлау комиссиясына ұсынады.
Сайлаудың түпкілікті қорытындысын Орталық сайлау комиссиясы дауыс беруден кейін 10 күн ішінде анықтайды және жариялайды.