Белгілі дизайнер Құралай Нұрқаділова сұқбаттарының бірінде көпшілік біле бермейтін отбасылық жайттарды айтып, жұрт назарын аударды, деп хабарлайды kznews.kz.
Malim.kz мәліметінше, дизайнер бұл туралы 2023 жылы Bilgen durys бағдарламасына берген сұқбатында айтқан.
Құралай Нұрқаділованың сөзінше, арада ұзақ уақыт өтсе де, әкесі Заманбек Нұрқаділовтің екінші отбасымен қарым-қатынасы жақсармаған. Ол әкесімен 15 жыл бойы араласпағанын да жасырмады.
"Мен әкеммен 15 жыл сөйлеспедім, анам да оны көрген жоқ. Әкемнің қазасы әлі күнге дейін жұмбақ. “Жаңа Қазақстан” құрылмайынша, шындық ашылмайды. Қазір әркім өз нұсқасын айтып жүр, бірақ нақты жауап жоқ", – деді Құралай Нұрқаділова.
Сұқбат барысында дизайнерге әкесінің жаназасына қатысты да сұрақ қойылған. Исламда өзіне қол жұмсаған адамның жаназасы шығарылмайды деген пікірге байланысты Құралай Нұрқаділова бұл мәселені сол кезде имамдар өзара ақылдасқанын айтты.
"Бұл мәселені имамдар өзара ақылдасты. Киіз үйде жиналып, шешім қабылдағанын білемін. Қоштасу рәсіміне көптеген белгілі тұлғалар келді. Бірақ жерлеуге анам екеуміз ғана бардық. Сол сәтте бізге әкеммен ұзақ қоштасуға мүмкіндік берілді", – деді ол.
Дизайнердің бұл сөзі әлеуметтік желіде қайта талқыланып, көпшілік арасында түрлі пікір тудырды.