Бір әрекет адамның кәсіби мансабына нүкте қоюы мүмкін. Батыс шоу-бизнесіне тән «cancel culture» құбылысы енді Батыс Қазақстандағы той индустриясында да байқалды, деп хабарлайды kznews.kz.
Маңғыстау облысында жергілікті асабалар мен өнер иелері арасында дау туындады. Аймақтағы жүргізушілер қауымдастығы «Хан» лақап атымен танымал Қасым есімді әріптестеріне қарсы ұжымдық түрде шықты. Бұған оның қатысуымен түсірілген бейнероликтің әлеуметтік желіге тарап кетуі себеп болған. Нәтижесінде, қауымдастық өкілдері оны той жүргізу қызметінен шеттету туралы шешім қабылдады.
Оқиғаның басталуына интимдік сипаттағы видеонының таралуы түрткі болған. Әріптестерінің айтуынша, бейнероликті жүргізушінің өзі телефонға түсірген, кейін ол желіге тарап кеткен. Видео қысқа уақыт ішінде кеңінен таралып, тіпті мектеп оқушылары арасында да жеткен.
Бұл жағдай әлеуметтік желілерде үлкен сын мен теріс пікірлердің көбеюіне әкелді. Алайда қоғамның сыны тек видео авторына ғана емес, жалпы Маңғыстау асабалары мен өнер адамдарына да бағытталды.
Осыған байланысты жергілікті өнер иелері өз беделдерін қорғау мақсатында әріптестерінен ашық түрде бас тартты. Олар даулы жағдайға түскен жүргізушінің бұл өңірдің тумасы емес екенін айтып, оның әрекеттерін Маңғыстау мәдениетімен байланыстыруға болмайтынын атап өтті.
Қауымдастық өкілдері мұндай әрекетке барған адамның отбасылық мерекелерді жүргізуге моральдық құқығы жоқ екенін мәлімдеді.
Сонымен қатар, олар бұл жағдайға қатысы бар үшінші тараптың тағдырына да алаңдаушылық білдірді. Айтуларынша, видеоны таратқаны үшін кәмелетке толмаған жасөспірім жауапкершілікке тартылуы мүмкін, бұл оның болашағына кері әсер етуі ықтимал.
Жарияланған видеоүндеуде кең әрі жарық банкет залында сөз сөйлеген өкілдің артында жиырмадан астам асаба мен өнер адамдары сап түзеп тұрғаны көрінеді. Бұл олардың ортақ ұстанымын және қабылданған шешімнің бір ауыздан болғанын көрсетеді.
Сөз соңында спикер қауымдастықтың ұстанымын былай түйіндеді:
«Халықта "бір құмалақ бір қарын майды шірітеді” деген сөз бар. Бір адамның кесірінен әлеуметтік желілерде бүкіл Маңғыстау өнеріне, халқына, асабаларына үлкен сын айтылып жатыр. Біз бұған қарсымыз. Мұндай азамат той-мереке басқаруға ешқандай мүмкіншілігі жоқ. Сонымен қатар, бұл видеоны таратты деп айыпталып жатқан жасөспірімнің болашағы бізді ойландырады».