Әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен ҚТЖ-ның Атырау магистральдық желі бөлімшесі филиалы басшысының кабинетіндегі «жасырын бөлме» мәселесіне қатысты жаңа мәлімет шықты, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұған дейін желіде кәсіпкерлер мен блогерлердің филиал басшысы Аралбай Аманбайұлының кабинетіне кірмек болған сәті тараған еді. Видеода кабинеттегі шкафтың ар жағынан тағы бір есік бары байқалып, жұрт арасында түрлі болжам айтылған.
Кейін ҚТЖ-ның 3700 адам еңбек ететін Атырау филиалының жаңа басшысы аталған бөлменің шын мәнінде не үшін пайдаланылатынын көрсетті.
Оның айтуынша, қоғамда «құпия бөлме» деп тарап кеткен орын – ғимараттың техникалық және жаттығу жасауға арналған шағын қызметтік бөлмесі. Ішінде құжаттар сақталатын сөрелер, киім ілетін орын және жаттығу жасауға арналған қарапайым жағдай ғана бар екені айтылды.
Филиал басшысы әлеуметтік желідегі түрлі қауесеттерге байланысты түсініспеушілік туғанын жеткізді. Сондай-ақ ол кабинетте заңсыз немесе жасырын әрекетке арналған арнайы орын жоқ екенін мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін блогерлер мен кәсіпкерлер филиал басшысының қабылдауына кіре алмай, кабинеттегі шкаф ішінен жасырын есік тапқанын жариялаған болатын. Осы видео желіде кең таралып, қызу пікірталас тудырған еді. (Azattyq-ruhy.kz)