Педагог әрі қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлы әлеуметтік желіде бұрын «Нысаналы мектеп», кейін «Мақсатты мектеп» аталған жобаға қатысты өткір мәлімдеме жасады.
Қазақстандағы жүздеген мектепті қамтыған, кейін тоқтатылған даулы жобаның қаржысы мен оған жауапты тұлғаларға қатысты мәселе қайта көтерілді. Белгілі педагог Өмір Шыныбекұлы министрліктен нақты жауап талап етіп, құзырлы органдарды іске араласуға шақырды, деп хабарлайды kznews.kz Democrat.kz сайтына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап енгізілген бұл жоба Қазақстандағы 900-ден астам мектептің педагогтерін жыл бойы әуре-сарсаңға салған.
Автор жобаны белсенді насихаттаған Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім комитетінің бұрынғы төрағасы Қаныбек Жұмашевтің қызметтен кеткенін еске салды.
«Қазіргі министр Жұлдыз Сүлейменова осы жобаға шашылған қаржыға жауапты қызметкерлерді жауапқа тарту үшін құзырлы органдарға хатпен шығуы тиіс», – деп жазды ол.
Шындығында, жобаға қатысты сұрақтар екі жыл бұрын да көтерілген. 2024 жылы мұғалімдер қосымша онлайн курстарға, тестілеуге және түрлі тапсырмаларға мәжбүрленгендерін айтып, наразылық білдірген.
Жобаға ресми түрде 943 мектеп қамтылған. Оның мақсаты білім сапасын көтеру, педагогтердің кәсіби деңгейін жетілдіру және үлгерімі төмен мектептерге әдістемелік қолдау көрсету деп түсіндірілген.
Алайда жобаның қаржылық жағы әлі де маңызды сұрақтар туғызады.
2024 жылы Оқу-ағарту министрлігі «Мақсатты мектепке» республикалық және жергілікті бюджеттен бөлек қаражат бөлінбегенін хабарлаған. Министрлік мәліметінше, онлайн курстар мен платформаны «Өрлеу» орталығы өзінің жоспарлы қызметі аясында әзірлеген.
Бірақ жобаны жүзеге асыруға жұмсалған адам еңбегі, оқыту ресурстары, ұйымдастыру шығындары мен өзге де қаржылық шығыстардың жиынтық құны қанша болды? Бұл мәселеге қатысты толық әрі ашық есеп қажет.
Жобаны іске асыруға қатысқан тұлғалар туралы да нақты деректер бар.
2024 жылғы 21 қазанда Шымкентте өткен ресми жиында сол кездегі Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев, Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Майра Мелдебекова, Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының өкілі Дулат Аманжолов және «Өрлеу» орталығының өкілі Гүлияш Ниязова жобаны іске асыру барысын түсіндірген.
Өмір Шыныбекұлы өз жазбасында жобаны ілгерілетуге қатысқан тұлғалар ретінде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбекті, Шымкент қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Дәрібаеваны және Түркістан облысы Білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекованы да атады.
Дегенмен олардың нақты қаржылық өкілеттіктері мен дербес жауапкершілігі тиісті құжаттар негізінде анықталуға тиіс.
2025 жылғы қарашада Жұлдыз Сүлейменова «Мақсатты мектеп» жобасының тоқтатылғанын ресми жариялады.
Ендеше, тоқтатылған жобаның нақты нәтижесі қандай? 943 мектептің қаншасында білім сапасы артты? Педагогтерді оқытуға кеткен ресурстар қаншалықты тиімді пайдаланылды? Жобаның қорытынды есебі қайда?
Жазба астындағы пікірлерде де мемлекеттік қаражаттың шенеуніктердің шала жобаларына жұмсалмауы керектігі, әр реформаның нақты нәтижесі мен жауапты тұлғасы болуы тиіс екені айтылды.
Өмір Шыныбекұлы бұл мәселемен Бас прокуратура, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және өзге де құзырлы органдар айналысуы керек деп есептейді.
Ендігі маңызды мәселе – тоқтатылған жобаның қорытындысына тәуелсіз баға беру. Өйткені министр ауысқанымен, басталған реформаның нәтижесі мен жұмсалған мемлекеттік ресурстар үшін есеп беру міндеті жойылмайды.