Қостанайда жүргізуші жаяу жүргіншілер өткелінде 13 жастағы қызды қағып, оқиға орнынан бой тасалаған. Полиция оны іздестіріп жатыр, деп хабарлайды kznews.kz "Алау"-ға сілтеме жасап.
Қостанайда 26 ақпан күні кешке жүргізуші жаяу жүргіншілер өткелінде 13 жастағы қызды қағып, оқиға орнынан кетіп қалған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, оқушыға дене көгеруі диагнозы қойылған. Травматологтар қарап шыққаннан кейін оған амбулаториялық ем қабылдау және тұрғылықты жері бойынша емханада бақылауда болу жөнінде ұсыныстар берілген.
– Жаяу жүргіншілер өткелінде бейтаныс автокөлік жүргізушісі жаяу жүргіншіні қағып, оқиға орнынан жасырынған. Аталған көлікті анықтау үшін жедел-іздестіру тобы құрылды. Қазіргі уақытта белгілі бір деректер бар, – деді Қостанай полиция басқармасы бастығының орынбасары Марат Сахратов.
Құқық қорғау органдары көлікті іздестіруді жалғастырып, жүргізушінің жеке басын анықтап жатыр.
Полицияның дерегінше, жыл басынан бері Қостанайда жаяу адамдарды қағудың 16 дерегі тіркелген. Оның тоғызы қаңтар айында, жетеуі ақпанда болған.