Қостанай облысында жоғалып кеткен 17 жастағы студенттің мәйіті табылды, деп хабарлайды kznews.kz.
Полиция департаментінің мәліметінше, кәмелетке толмаған жасөспірімнің жоғалу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Жедел-іздестіру шаралары барысында оның денесі Гагарин бөгетіне жақын қамысты аумақтан табылған. Мамандардың айтуынша, мәйіттен зорлық-зомбылық белгілері анықталмаған.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Құқық қорғау органдары азаматтарды расталмаған ақпаратты таратпауға және тек ресми дереккөздерге сенуге шақырды.
Еске сала кетейік, индустриалдық колледждің 17 жастағы студенті Владимир Орел 17 наурыз күні жатақханадан шығып, із-түссіз жоғалған болатын.
Оны іздеуге полиция қызметкерлері, Ұлттық ұлан сарбаздары және еріктілер жұмылдырылған. Іздеу жұмыстары барысында Тобыл өзені маңы мен қала шетіндегі аумақтар күн сайын тексеріліп, бейнебақылау камераларының жазбалары зерттелген.