Павлодар облысына қарасты Майқайың кентіндегі жеке тұрғын үйден екі адамның шіріген мәйіті табылып, жайт бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Kznews.kz.
Алдын ала мәліметке қарағанда, мүрделердің бірінің үй ішінде жатқанына екі жылдан аса уақыт өткен. Екіншісі шамамен 5-6 ай бұрын көз жұмған болуы мүмкін.
Оқиға орнына қатысты ақпаратта 36 жастағы әйелдің қатерлі ісіктен қайтыс болғаны айтылады. Алайда марқұмның анасы оның өлімін тиісті органдарға хабарламай, мәйітті үйде сақтап отырған. Кейін әйелдің күйеуі де көз жұмып, оның денесі де сол үйде қалғаны хабарланды.
«Қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайларын объективті түрде анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде», – деді облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Жанна Біләлова.
Мәлімет бойынша, бұл үйде мәйіттер жатқан кезеңде екі адам – әжесі мен 6 жасар бала бірге тұрған. Сондай-ақ үй иесі ешкімді кіргізбей, баланы балабақшаға да, мектепке де жібермегені айтылады.
«Қазіргі уақытта бала Майқайыңдағы ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлер қыз баланың денсаулығының жақсы екенін айтады. Дамуында ешқандай ауытқушылық жоқ. Әзірше 3 күн осы ауруханада болады. Кейін баланы орналастыру бойынша шешім қабылданады», – деді балалар құқығын қорғау жөніндегі өңірлік уәкіл Сәуле Шәкенова.
Баланың заңды өкілдері анықталмағандықтан, оны Екібастұздағы «Үміт» орталығына жіберу мәселесі қарастырылып жатыр. Ал мәйіттерді үйде сақтаған егде жастағы әйел тергеу амалдарынан кейін үйіне жіберілген. Қазір оның әрекетіне құқықтық баға беріліп, қылмыс құрамының бар-жоғы анықталуда.