Танымал тележурналист Руслан Өтепбай қоғамда кең резонанс тудырған шымкенттік 21 жастағы бойжеткен Нұрай Серікбайдың қазасына қатысты журналистік зерттеу жүргізгенін мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Журналисттің сөзінше, аталған жағдай бір отбасының ғана қайғысы емес, бүкіл қоғамды ойландыруы тиіс ауыр трагедия.
"Шымкенттік Нұрай Серікбайдың қазасы... Бұл – бір отбасының қайғысы, бір ананың жүрегіндегі жазылмас жара мен бір ағаның өмір бойы көтеретін ауыр аманаты емес, бұл – қоғамның қасіреті. Бүгін марқұм Нұрайдың туған ағасымен сұхбаттастым. Оның әр сөзі жүректі тіліп өтті. Қарындасының қандай болғанын айтқанда, дауысынан сағыныш пен өкініш қатар сезілді. Ағасының айтуынша, Нұрай тұйық, жуас, ешкімге жамандық ойламайтын қыз болған. Бірақ дәл осы мінезін күдікті пайдаланып, ұзақ уақыт бойы мазалап, қыр соңынан қалмаған. Ең ауыр сұрақ: "Бұл қайғылы жағдайдың алдын алуға болар ма еді?.." Бір отбасы қызынан айырылды. Бір ағасы қарындасын қорғай алмадым деп өзін кінәлайды. Ал қоғам тағы да кеш қозғалды… Бұл оқиға – жай ғана қылмыс емес. Бұл – қыздардың қауіпсіздігі, сталкинг, жауапкершілік туралы үлкен мәселе", – деп жазды Руслан Өтепбай.