KZNews.kz
Жаңалықтар

«Қора-а-а» деп жүріп «қораға» кірді: Танымал блогер Қайсар Камзаға іздеу жарияланды

Дархан Тоқан
Фото: Ашық дереккөзі

Даулы видеомен аты шыққан блогер Қайсар Камзаға іздеу жарияланғаны белгілі болды. Бұл дерек құқықтық статистика интернет-порталында жарияланған мәліметте көрсетілген, деп хабарлайды kznews.kz.

Порталда жарияланған ақпаратқа сәйкес, іздеуде Қамза Қайсар Бақытжанұлы тұр. Іздеудің екінші күнге жалғасып жатқаны көрсетілген, ал іздеу ісі 2026 жылғы 10 қаңтарда Астана өңірінде тіркелген. Блогердің туған күні ретінде 1995 жылғы 18 қыркүйек көрсетілген.

Іздеуді бастаушы орган ретінде Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) аталады. Іздеу жұмыстарын ҚМА-ның Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жүргізіп жатыр. Дегенмен, құқық қорғау органдары әзірге іздеуге жариялаудың нақты себептеріне қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.

Қайсар Камзаның есімі бұған дейін де мемлекеттік органдардың хабарламаларында кездескен. Атап айтқанда, Туризм және спорт министрлігі оны заңсыз онлайн-ұтыс ойындарын өткізген бұзушылар тізіміне енгізіп, 1 179 600 теңге айыппұл салынғанын мәлімдеген. Әлеуметтік желідегі qais_arr парақшасына шамамен 2,4 миллион қолданушы жазылғаны да айтылады.

Соңғы апталарда блогер Үндістанға сапары кезінде түсірілген видеоға байланысты көптің талқысына түсті. Желіде тараған кадрларда ер адамның бейәдеп сөз айтып, жергілікті тұрғындарға қатысты агрессив әрекет көрсеткені байқалады. Бұл жазбаға қатысты қоғам пікірі екіге жарылып, бір бөлігі айыптаса, енді бірі «контент авторының таңдауы» ретінде қабылдаған.

Оқиғаға байланысты редакция мемлекеттік органдарға сауал жолдағаны да хабарланды. Сыртқы істер министрлігі сол сәтке дейін үнді тарапы Қазақстан азаматы Қайсар Камзаның құқық бұзушылық жасағаны жөнінде ресми ақпарат жібермегенін айтқан. Сонымен бірге ведомство Үндістанда қоғамдық орындарда бейәдеп сөз айту мен агрессив мінез-құлық әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін еске салған.

Ал Мәдениет және ақпарат министрлігі видеоға байланысты құқықтық ден қою шаралары қабылданғанын мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, бейәдеп сөз қолданылған видео жарияланған онлайн-платформалардың әкімшіліктеріне белгіленген рәсімдер аясында әртүрлі күндері хабарламалар жолданған.

Қазіргі таңда іздеудің нақты себебі ресми түрде жарияланбағандықтан, істің мән-жайы ашық дереккөздерде толық нақтыланбаған күйінде қалып отыр.Скриншот: qamqor.gov.kz

Дархан Тоқан
Автордың басқа материалдары