KZNews.kz
Жаңалықтар

"Қонаққа кетіп қалған": Өрттен қаза тапқан 5 жасар қыздың анасы қамауға алынды

Қайсар Қанат
kznews.kz коллажы

Солтүстік Қазақстан облысындағы Ольшанка ауылында өрт салдарынан қаза тапқан бес жасар қыздың анасы қамауға алынды. Әйелге қатысты қылмыстық жауапкершілік қарастырылып жатыр, деп хабарлайды kznews.kz.

Бұл ақпаратты Сенатта Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді. Оның айтуынша, әйелге кәмелетке толмаған баланы қауіпті жағдайда қалдыру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

"Солтүстік Қазақстан облысында анасы баласын үйде жалғыз қалдырып кеткен. Кейін тұрғын үйде өрт шыққан. Осы факті бойынша қылмыстық іс тіркеліп, ауыл тұрғыны қамауға алынды. Заң бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделген", – деді Санжар Әділов.

Еске салайық, қайғылы оқиға 18 қаңтар күні кешке Ольшанка ауылындағы жеке тұрғын үйлердің бірінде болған. Өрт кезінде бес жасар қыз үйде жалғыз қалып, оқиға салдарынан көз жұмды.

Қызылжар ауданы әкімдігінің мәліметінше, марқұм бала тәрбиеленіп отырған отбасы әлеуметтік тұрғыдан қолайсыз санатта тіркелмеген. Алдын ала деректерге сәйкес, қыздың анасы 32 жаста, ал азаматтық некедегі жұбайы 30 жаста.

Қайсар Қанат
Автордың басқа материалдары