KZNews.kz
Жаңалықтар

"Қолым жоқ болса да, балаларымды жетектедім": екі тағдырды тоғыстырған қайсар әке туралы хикая

Қайсар Қанат
ашық дереккөзден

Қызылордалық Бахтияр Өмірәлі – тағдырдың қанша ауыр сынағы келсе де мойымай, отбасы үшін барын салып жүрген ерекше жан. Ол туғаннан екі қолсыз дүниеге келген. Ал жары Лаураға бала кезінде сал ауруы диагнозы қойылған. Осындай қиындықтарға қарамастан, екеуі бір-біріне тірек болып, үлгілі отбасы құрып отыр, деп хабарлайды kznews.kz.

Бахтияр мен Лаураның қосылғанына 2010 жылдан бері уақыт өтті. Алайда олардың отау құруы оңай бола қойған жоқ – жастар бірнеше жыл бойы өз сезімдерін туыстарынан жасырынуға мәжбүр болған.

"Үш жыл күндіз ғана кездесіп жүрдік. Ақыры анам: "Бізге бірдеңе болса, оған кім қарайды? Үйленсін", – деді. Осылайша бас қостық", – деп еске алады Бахтияр.

Лаураға дәрігерлер бала көтеруге болмайтынын айтса да, ол тәуекелге барып, ана болуды армандаудан бас тартпаған. Сол қайсарлығымен екі баланы дүниеге әкелді. Бүгінде ұлы мен қызы ата-анасының ең үлкен көмекшісіне айналған.

"Қызым бұрын журналист болғысы келетін, қазір медбике болам дейді. Ұлым полицей не футболшы болам дейді. Екеуі – біздің тірегіміз", – дейді Бахтияр қуанышпен.

Бахтияр бүгінгі қайсар болмысы үшін әкесіне қарыздар екенін айтады. Қолсыз туған баласына әкесі ешқашан ерекше қатынас жасаған жоқ, қайта оны шынықтырды, өз күшімен өмір сүруге баулыды.

Бүгінде Бахтияр аяқ саусақтарымен тұрмыстық техниканы жөндеп, есік-терезе орнатып, үйдегі талай шаруаны өзі атқарады.

"Әкем мені аямады. Үйретті, шынықтырды. Қазір отбасыма қамқор бола алсам – соның арқасы", – дейді ол.

Ерлі-зайыптылар балаларын еркін ойлауға, өз пікірін ашық айтуға баулиды. Қаталдық пен мейірімнің тепе-теңдігін сақтауға тырысады.

"Балаларға: "Артыңда біз бармыз, бірақ арманыңа өзің жет" деп үйретеміз. Қиындық туса, бірінші өздері шешуге талпынсын дейміз", – дейді Бахтияр.

Бахтияр мен Лаураның өмірі – нағыз жігер мен махаббаттың тарихы. Екі қолсыз шебердің тұрмысқа икемділігі, сал ауруына қарамастан ана болуды таңдаған Лаураның ерлігі, отбасын біріктірген махаббат – бұл көпке үлгі боларлық тағдыр.

Қайсар Қанат
Автордың басқа материалдары