KZNews.kz
Экономика

Қоғамдық көліктегі баға көтеріле ме?

KZNEWS

Күні кеше өзін мұнай-газ саласының сарапшысы санайтын Олжас Байділдинов Астана мен Алматы қалаларындағы қоғамдық көліктердің жолақысын 500 теңгеге дейін көтеру керектігін айтқан еді. Оның пайымдауынша, дәл қазір қос қаладағы тасымалдау бағасының өзіндік құны 345 теңгені құрайды. Ал автопарктер жолаушылардан 110 және 120 теңге көлемінде ақы алады. Яғни, Астана қаласындағы жол құны - 110 теңге, Алматыда - 120 теңге. Сарапшының сөзінше бұл баға өте "күлкілі-мыс". Автопарктер кейінгі үш жылда жолаушылар тасымалдауға бөлінетін субсидиядан айырылған. Ал жол ақысының төмендігі тасымалдау компанияларының шығындарын өтеуге жетпейді.

Байділдинов тасымалдау бағасын өсіруге қатысты айта келе, жолаушылардың автобустарды пайдаланудағы әрекетін де сынға алды. Оның ойынша, 110-120 теңге төлеп екі-үш аялдама жүретін жолаушымен бағыттың соңғы аялдамасына дейін баратын жолаушының төлемақысы әділетті емес.

Айтылған сөз – атылған оқ! Дегенмен, Олжас Байділдиновтың аузынан шыққан сөзден кейін Үкіметте үлкен талқылаулар болған секілді. Іле-шала үн қатқан Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Азамат Әмірин қазір Үкімет деңгейінде жолаушылар тасымалы саласындағы тарифті көтеру туралы сөз болмағанын айтып, сарапшының сөзін "жеке адамның пікірі" деп нақтылаған. Ал Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов болса Үкіметтің позициясын тағы пысықтады. 

"Қоғамдық көлік тұрғындарды тасымалдауға арналған. Ондағы жолақысы адамдардың төлеу қабілетін ескеріп бекітілген және мемлекет жол құнының шектен тыс көтерілуіне жол бермейді" - деді вице-министр Біржанов.

Мәселеге орай kznews.kz тілшісі Алматы қаласындағы жолаушылар тасымалының жай-жапсарына үңіліп көрді. Осы сәтте Алматы тұрғындары қоғамдық көлікті пайдаланғандары үшін төлейтін бір реттік жолақысы 120 теңгені құрайды. Жеңілдігі бар жолаушылар үшін билет құнының 50 пайыздық төлемі қарастырылған. Барлық бағыттағы жолақы төлемі электронды алыммен алынады. Яғни, жолаушылар "Оңай" картасы немесе QR код арқылы төлем жасайды. Жолаушыларға ыңғайлы болу үшін арнайы билет түрлері бар, олардың айлық бағасы: жалпы айлық абонемент — 9 900 теңге, студенттік айлық билет — 4 200 теңге, мектеп оқушысының айлық абонементі — 2 000 теңге және зейнеткерлер үшін айлық жол жүру билеті — 3 000 теңге.

Ал қалада жолаушылар тасымалымен 4 монополист компания айналысады. Ашық дереккөздердегі мәлімет бойынша, қала іші мен қала маңына қатынайтын автобустардың негізгі иелері ретінде «№ 2 Автопарк», «№ 8 Автопарк», «АвтоАлма-Транс» және «АвтоЭкспоТранс» компаниялары көрсетілген. Сондай-ақ, Алматы бойынша жолаушылар тасымалымен айналысатын 19 компания тіркелгені туралы дерек бар.

Тасымалдаушы компаниялар қалаішілік маршрут бойынша 151 бағытта қызмет көрсетсе, қала маңына қатынайтын бағыттар бойынша 34 маршрутпен жұмыс істеуде.

Қалмаханбет Мұқаметқали.

KZNEWS
Автордың басқа материалдары